Ақтөбе дәріханаларына дәрі-дәрмектің екінші легі жеткізілді
Олардың барлығы – қазір нарықта аса қажет болып тұрған қызу түсіретін және вирусқа қарсы препараттар. Жергілікті фармацевтикалық ұйымдарды қолдау мақсатында облыстық әкімдік тарапынан 500 миллион теңге инвестициялық қаржы бөлінген болатын. Нәтижесінде провизорлық орталықтармен қатар өңірдегі дәріханалар да қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Бірінші кезекте ауыр халдегі науқастар жатқан провизорлық орталықтар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген болатын. Ауруханалармен қатар облыс әкімдігі өңірдегі дәріханаларды да қажетті препараттармен қамтамасыз етуді қолға алған. Бұл мақсатта бюджеттен тыс инвестициялық қаражат бөлініп, сұранысқа ие 21 түрлі дәрі-дәрмек жеткізілді. Қазір олардың барлығы жергілікті сауда орындарынан табуға болады.
Лиза Ахметова, дәріхана меңгерушісі:
– Акимат бойынша дәрігер келді. Азитромицин кеше келді, қызу түсіретін парацетамол, аспирин келді. Жөтелдің дәрілері келді. Бағалары тиімді. Халыққа жеңіл болсын деп, сол тиімді бағамен сатамыз.
Бұл дәріхананың таңдалынуы да себепсіз емес. Облыс көлемінде оннан астам сауда нүктесі бар желі арқылы барынша көпшілік халықты қамтуға мүмкіндік болады. Және бағасына да қатаң бақылау бар. Мәселен, қарапайым парацетамолды бұл жерде 70 теңгеге саудаланады. Ал цефтриаксонның құны 130 теңгеден аспауы тиіс.
Руслан Қамбаров, облыс әкімінің орынбасары:
– Бағасын өсірмеу үшін жергілікті атқарушы органмен ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арасында бірлесіп дәріханалардың арасында қол қойылған. Меморандум бойынша дәрілердің бағасы өз құнынан 10 проценттен асырмау керек.
Бұған дейін облыс әкімдігі жергілікті фармацевтикалық компанияны қолдау үшін 75 миллион теңге қаржы бөлген болатын. Нәтижесінде өндіріс орны вирусқа қарсы препарат шығаруды шұғыл қолға алды. Қазір Ақтөбеде аптасына 5 мың дана «Грипповир» дәрісі өндіріледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев