Абайдың еңбектері тұңғыш рет армян тілінде кітап болып басылмақ
Биыл Абайдың көптеген еңбегі тұңғыш рет армян тіліне аударылып, кітап болып басылмақшы. «Ол ғылыми және студенттік ортаға және барлық оқырмандар үшін құнды оқу құралы болады», – дейді мамандар. Цовинар Костанян Абай Құнанбайұлының шығармасын жатқа айтып жүр. Қазақ ойшылының кітабын алғаш қолға алған сәттен бастап ұлы ақын оның ең сүйікті авторына айналыпты.
Цовинар Костанян, саясаткер:
– Абайдың шығармалары жалпы адамзатқа ортақ құндылық тұнып тұр. Екі ғасыр бұрын жазылған еңбек қазірге дейін өзектілігін жоймаған. Ұрпақ тәрбиесі, жақсылыққа қарай қалай бет түзуіміз керектігін осы қазық ойшылының қаламынан төгілген еңбектерден табамыз.
Ал журналист Нарине Эйрамджянц – ақынның қара сөздерін жиі оқитындардың бірі.
Нарине Эйрамджянц, журналист:
– Абайдың қарасөздерінен ақынның адамды, өмірді терең танығандығын сезесің. Оның еңбектері бүгінге дейін өміршеңдігін жоймаған. Қазір Абай мұрасымен кеңінен танысу арқылы біздің ұтарымыз көп. Дұрыс өмір сүру, басты құндылықтар, әлем халқы жиі бас қатыратын осы сұрақтарға ақынның шығармаларынан жауап аламыз.
Нарине Эйрамджянцтің Абай шығармасын зерттеп жүргеніне 15 жыл болыпты. Ол: «Абайдың мәдени мұрасы – кез келген ортада насихаттаумыз тиіс, әлемдік деңгейдегі құндылықтар», – дейді.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян, Давит Атаян