Хабар телеарнасы

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 5,7% қымбаттаған

Azyq-tulik

Дегенмен, Сауда және интеграция вице-министрінің айтуынша, соңғы үш айда азық бағасының тұрақтануы байқалады. Жалпы жыл басынан бері азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты 290 арыз-шағым түскен. Әлеуметтік маңызы бар тағамдардың бағасын көтергені үшін 13 кәсіпкердің ісі тергеуге жіберілді. Тауар бағасын жоғарылатқаны үшін 5 кәсіпкерлік нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 млн теңгеден астам айыппұл төледі.

Айта кетерлігі: індеттің екінші толқыны болған жағдайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті баға қайта орнауы мүмкін. Естеріңізге салсақ, көктемдегі төтенше жағдай кезінде 9 түрлі тауарға осындай шекті баға белгіленген еді. Қазір еліміздің тұрақтандыру қорында 35 мың тоннаның азық-түлігі жасақталған.

Азамат Асқарұлы, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

– Егер әлеуметтік тауарға баға өссе, Сауда және интеграция министрлігі шекті баға қоюға дайын. Ең бастысы, әрине, азық-түлікпен қамтамасыз ету көлемін арттыру. Қазіргі кезде көкөніс және басқа да азық-түлік көлемі жеткілікті. Сондықтан бағаның өсімін біз 6-7% көлемінде күтіп отырмыз.