Хабар телеарнасы

Алматыдан жаяу шыққан ағайынды волонтерлер 46 күнде Семейге жетті

Eriktiler

Волонтерлер бұл межені 46 күнде еңсерген. Дамир мен Дәулет Абай ауданына қарасты Қарауыл мен Жидебай шатқалында болып, бірқатар киелі орынды аралады. Дамир мен Дәулет есімді азаматтар Алматыдан 12 маусым күні жаяу шыққан. Олар өз жорықтарын Абай Құнанбайұлының мерейтойы мен Волонтерлер жылына орайластырып отыр. Өскелең ұрпақтың қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға арналған бұл саяхатын «Абай жолы» деп атаған.

Дамир Күшеев, волонтер:

– Бұл – біздің бірінші жобамыз. Еш ойланбастан оны жүзеге асырдық. Кейбіреулері «Неге көлікпен, атпен, тым болмаса велосипедпен бармайсыңдар?» деп сұрап жатты. Себебі біз қазақтар туралы стереотиптерді бұзғымыз келді. Ол жалқау халық емес. Оны біз дәлелдедік. Мақсат қойдық, оған жеттік.

Бастапқыда экспедиция құрамында төрт адам болған. Алайда оның екеуі ұзақ жолға шыдамаған. Ал мәреге жеткен ағайындылар Абай жерленген кесенеде болып, Ұлы ақын туған өлкенің керемет жерлерін аралады.

Дамир Күшеев, волонтёр:

– Ауа райы біраз қиындық туғызды. Шығыс Қазақстан облысында жауын көп жауды. Қатты жел, ыстық күндер де болды. Ал жолда көлікпен кетіп бара жатқандар тоқтап, жеткізіп салайық деп ұсыныстарын білдірді. Бірақ біз өз сөзімізде тұрдық. Саяхатшылар күніне 40 шақырым жүріп отырғандарын айтады. Себебі оның әрқайсысында салмағы 35 келі болатын сөмке болған. Ал Семей олардың ұзақ сапарларының соңғы нүктесі болды. Болашақта ағайындылар тағы да осы сынды жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Әсем Утешова, Медет Өмірханов