Қызылорда облысында ахуал тұрақталып келеді
Дегенмен сақтық шаралары қатаң қадағаланып отыр. Карантинге қарамастан әлеуметтік маңыздағы құрылыс жобалары да ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Ауданға ат басын бұрған Мәжіліс депутаттары Шиелінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Шиелі ауданында эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастады. Әдепкідей емес, ауруханалардағы науқастар саны айтарлықтай азайған.
Нұрлан Әмір, Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері:
– Алғашқы күндері 100-ден астам науқас жатса, қазіргі таңда инфекцияда 39 науқас, ал провизорлықта 35 науқас емделуде.
Ауданда компьютерлік томография, МРТ аппараттары мүлдем жоқ. Мәжіліс депутаттары мұндай мәселе өңірдің өзге де шалғай елді мекендерінде өзекті екенін атап өтті.
Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Шетелдерге барсаңыздар. Мысалы, Германияда әрбір ауылда сондай аппараттар тұр. Ал бізде мына 80 мың халқы бар аудандарымызда ондай жоқ. Осы мәселелерді біз Үкіметтің алдында көтеріп, оны шешуге сондай шара қолданатын боламыз.
Шиелі кентін қақ жарып өтетін темір жол үстінен автөкөлік көпірі салынып жатыр. Депутаттар әлеуметтік маңызды құрылыстың аяқаласын бағамдады.
Абзал Ералиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Желтоқсанның 10-ына дейін тапсырамыз деп отыр. Бұл да халықтың игілігіне жаратылатын дүние. Құрылыстың аяқ алысы өте жақсы екен. Бұл кісілер де өзінің уәдесінде тұрып, сол межелеген уақытта бітіріп береміз деп отыр.
Жалпы Шиелі ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 21 жоба жүзеге асып, 700-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов