Коронавирус қазақстандықтардың өмірін қалай өзгертті?
Бір кездері тек медицина қызметкерлерінен көретін бұйымдар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ал залалсыздандыру құралдары әрбір азаматтың қалтасынан табылатын күнделікті қажеттіліктің қатарына енді.
Індеттен кім қандай сабақ алды? Карантин аяқталғаннан кейін бұрынғы өмірге ораламыз ба?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
– Осыдан тура бір жыл бұрын бетперде тағу, қолды жиі жуу, адамдар арасында қашықтық сақтау күнделікті әдетке айналады десе, көпшілігіміз сенбес едік. Бірақ әлемнің дегбірін қашырған коронавирус адамдарды осындай дағдыға бейімдеді. Дәл осы әдеттердің арқасында ғана қатерлі дерттің алдын алуға болатынын көрсетті.
Әу баста Қытайдан шыққан індет туралы және оның салдары қандай болатынын тек теледидардан көрдік. Түрлі басылымдардан оқыдық. Сол кезде бұл ауру біздің елді айналып өтетіндей көрінген еді. Алайда төрткүл дүниені жайлаған пандемия Батыстағы медицинасы озық, ғылым мен ілімнің алдыңғы қатарында тұрған елдердің өздерін шырғалаңға салды. Көп ұзамай аты жаман ауру бізге де жетті. Билік: «Қатерлі індетке қарсы тұруға дайынбыз», – деді. Алайда инфекция біз ойлағаннан әлдеқайда мықты екенін аңғартты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Шынында да, бұл індет біздің ғана емес, жалпы әлемдегі адамзаттың бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін өзгертті. Ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өздері дәрменсіз болып отыр.
Сонымен коронавирус келгелі не өзгерді? Біз оған бейімделе алдық па? Күнделікті өмірімізге қандай өзгерістер енді? Үйден жұмыс істеп, қашықтықтан оқуға үйрендік. Басқасы ше? Шыны керек, адамдар өзінің және өзгенің алдында жеке жауапкершілігін түйсінгендей. Себебі қазір кезек күт десе, күтеміз. Қашықтық сақта десе, сақтаймыз. Себебі бұл – уақыт талабы.
Наталья Кожушнян, дәмхана үйлестірушісі:
– Қазір бәрі маска киіп жүреді. Міндетті түрде қолдарын заласыздандырады. Адамдарға ғана емес, жеке заттарға да жоламауға тырысады. Ішке кірмей, тапсырыстарын сырттан алып кететіндер де бар. Қазір үйден тапсырыс берушілер көбейді.
Әр сынақтан бір сауап. Коронавирус ақшаны оңды-солды шашпауды да үйретті. Ертең не боларын болжау қиын болып тұрған сын сағатта адамдар үнемшілдікке көшті. Қор жинай бастады. Бұрынғыдай бейсауат ақша шашудан арылды.
Мақсат Халық, GSB UIB директорының орынбасары, экономист:
– Нақты статистикаға қарайтын болсақ, жеке тұлғалардың теңгелік салымдары рекордтық көрсеткішке өсіп отыр. 8,2%. Теңгемен айтатын болсақ, бұл – 751,5 млрд теңге. Бұл нені білдіреді? Дәл осындай дағдарыс және кризис орнап жатқан кезде адамдар көп қаражат жұмсаудан тыйылып, қор жинауға, ертеңгі күнге дайындалуға бет бұрып отырғандығын көрсетеді.
Вирус өзгерткен тағы бір дүние: адамдар әдеттегідей сауда жасап, базар жағалап, дүкен аралаудан сап тыйылды. Той десе қу басы домалайтын қазақ аста-төк ас беру, шашылып банкет жасау мен бақ таластырып бәйге жарыстыруды кілт тоқтатты.
Мақсат Халық, GSB UIB директорының орынбасары, экономист:
– Бизнес офлайннан онлайн форматқа өтіп, сол бағытта жұмыс жасап жатыр. Азаматтар да үйде отыруды жөн көріп отыр. Бұл – бір. Екінші мәселе: киім сатып алу шектелді. Осы саладағы бизнес зардап шегіп отыр. Неге дейсіз ғой? Өйткені бұрынғыдай көпшіліктің алдына шығу, тойға бару деген мәселелер екінші деңгейлі болып қалды.
Психологтардың айтуынша, пандемия біртіндеп жоғалып бара жатқан адами құндылықтарды қайта оралтты. Дос, туыс, көршілер арасындағы сыйластық пен жанашырлықты қайта жаңғыртты. Бастысы, баршамызға денсаулықтың қадірін түсіндірді. Өз түйсігімізбен сезініп, он екі мүшеміздің сау болуына саналы түрде қадамдар жасай бастадық.
Айдай Шыныбаева, сақтандыру компаниясының өкілі:
– Өмірімізді пандемияға дейін және кейін деп екі кезеңге бөлуге болады. Қазір көп адамның көзқарасы өзгерген. Бұрынғыдай емес, өмірін қаржылай сақтандырып қоямын деушілер көп. Мысалы, мамырда сақтандыру полисіне сұраныс 1000 мың адам болса, осы айда бұл көрсеткіш 5 мыңнан асты. Меніңше, болашақта біздің елде Батыстағыдай болады. Әрбір қазақстандық өмірін сақтандырып қоятын болады.
Зайнұр Байжігіт, тілші:
– Иә, коронавирустың қиын кезеңінен өттік. Десе де, ғалымдардың сөзінше, бұл вирус ешқайда кетпейді. Тұмау секілді ортамызда қалуы мүмкін. Сондықтан бұл вирус билікке ғана емес, қарапайым адамға да сабақ болуы тиіс. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деуші едік қой? Сол мәтелді сәл өзгертуге болатындай.
Авторы: Зайнұр Байжігіт