Қазақстан бірқатар елмен әуе кеңістігін қайта ашты
Енді ел азаматтары Біріккен Араб Әмірліктеріне, Германияға, Нидерланды, Беларусь және Украинаға ұшып бара алады. Ресей мен Мысыр елдері тарапынан рұқсат құжаттары енді рәсімделетін болады.
Әрине, бұл – өте жағымды жаңалық. Бірақ жаһандық эпидемия жағдайында санитарлық талаптар қалай сақталмақ?
Әлемді оқшаулап қойған вирусқа қарсы карантин шаралары қолға алынғалы да 5 айдың жүзі болды. Содан бері сырт елге шығу, жүріп-тұру сап тыйылды. Ала жаздай шекара ашылғанын күткен Гүлнәр Хакімова жолдасымен бірге 4 баласын ертіп, Біріккен Араб Әмірліктеріне демалуға туристік жолдама сатып алды.
Гүлнәр Хакімова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
– Ертерек шыққымыз келген, карантиннің кесірінен жоспарымыз өзгерді. Бала-шаға болған соң жаздың жаймашуақ кезінде теңіз жағасында демалғанға не жетсін?! Біріккен Араб Әмірліктеріне 3 күннен кейін жолға шығамыз. Қауіпсіздік талаптарын сақтаймыз.
Қазақстан бүгіннен бастап тек Біріккен Араб Әмірліктеріне ғана емес, Германия, Нидерланды, Египет, Ресей, Украина, Беларусь елдеріне де әуе рейстерін ашып отыр. Көрші Ресей тек арнайы рұқсат бойынша ұшуға келісіп отыр. Түркия бағыты 1 қыркүйекте ашылмақ. Аталған мемлекеттер қазақстандық туристер үшін термометрия, әлеуметтік дистанция, маска режимі, ПТР тестілеу және қауіпсіздік шараларының сақталғанын талап етіп отыр. Қазақстанға келетін шетелдік саяхатшылар үшін де тиісті ереже бар.
Жұмабек Бекенов, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының департамент директоры:
– Ұшақтан қарсы алған кезде олардың міндетті түрде температурасы өлшенеді. Келушілерден қай жерден қандай жұмыспен келгені туралы сауалнама жасалады. Эпидемиологиялық жағдайы тұрақты емес Польша, Тәжікстан, Өзбекстан сынды елдер бар. Олар екінші категорияға жатады. Бұл елден келген азаматтарда тапсырғанына 5 күн толмаған ПТР анализдің анықтамасы болуы қажет. Егер анықтамасы болмаса, екі күннің ішінде тапсыруы тиіс. Олар міндетті түрде 14 күндік карантинге алынады.
Иә, бірталай уақыт оқшауланып, үйге қамалып, қажыған халық ел ішін аралап, демалуға тырысты. Азды-көпті ішкі туризмнің тынысы кеңейді.
Индира Жылқайдарова, тілші:
– COVID-19 Қазақстан түгілі әлемдік туризмге тұсау салғаны мәлім. «Kazakh Tourism» қауымдастығының дерегінше, демалыс қызған жаз маусымында карантин салдарынан Қазақстан туризмі бір күнде 1 млрд теңге табысын жоғалтқан. «Ал ішкі саяхат шетелдік демалыстан келетін пайданың орнын толтыра алмайды», – дейді мамандар.
Расында, жылда жаз маусымында шетел аралауға асығатын шамамен 6 млн қазақстандық елде қалуға мәжбүр болды. Салада еңбек еткеніне 10 жыл болған туристік агенттік директоры Лаура Жүнісова тіпті 98% дейін табыстан қағылғанын ашық айтты. Саяхатты жаны сүйетін жұрт шекара ашылғанын асыға күткен сыңайлы.
Лаура Жүнісова, туристік агенттік директоры:
– Бізге бірнеше өтініш келіп түсті. Отбасымен бірге Түркия, Біріккен Араб Әмірліктеріне бармақ ниетпен жолдамалар сатып алғандар бар. Былтыр күніне 30-40 өтініш болса, қазір бұл мөлшер өте аз. Біз қызметкерлерімізді тек 1 қыркүйектен ғана жұмысқа шығарамыз. Негізі қашықтан жұмыс істеуге де болады.
Айтайық, халықтың барлығы бірдей саяхатқа мүдделі болып отырған да жоқ. Себебі вирус қаупі әлі толық сейілмей отыр.
Коронавирустың кесірінен әлемдегі халықаралық туризмнің тартқан шығыны 1,7 трлн долларға жетіп қалған. «Саланы қайта жандандырып, бұрынғы қарқынына келтіру үшін 2 жыл уақыт керек», – дейді батыс сарапшылары.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дәурен Жұрхабаев