Өскемендіктер жаңадан салынған шағын аудандағы мәселелерге шағымданды
Мұндағы 6 мыңға жуық тұрғын талай жылдан бері қала орталығына жету үшін ауданарлық автобусқа отыруға мәжбүр болып жүрген көрінеді.
Иә, ол аздай ауданда не балабақша, не мектеп жоқ. Жергілікті жұрт бұл әлеуметтік мәселелерді талай рет жауапты орындарға хабарлап, шағым хат жолдапты. Алайда барлығы аяқсыз қалып келген. Уәдеге тойған халықтың мұң-зары шенділердің құлағына неге жетпей жатыр?
23-ықшам аудан тұрғындары өздерін әкімдік назарынан тыс қалғанбыз деп санайды. Өйткені басқа игілікті былай қойғанда 6 мың тұрғыны бар ауданды жергілікті билік уақытылы әрі жиі қатынайтын қоғамдық көлікпен қамти алмай келеді. Ал ата-аналар болса, бала-шағасын таңдаулы мектепке, мықты спорт үйірмелеріне бере алмай отыр.
Динара Каримова, 23-ықшам аудан тұрғыны:
- Алыс болса да, балаларымызды сол жаққа апарамыз. Балам боксты ұнатады. Бұл ауданда балаларға арналған үйірмелер жоқ. Өйткені мына аудан мүлдем қараусыз қалған ауданға жатады.
Виктор Литвинов, 23-ықшам аудан тұрғыны:
- Қаншама жыл дегенде биыл бір көшеге жол салды. Соны толық бітірсін. Ең бастысы сол жолмен енді қоғамдық көлік жүргізсін. Жарықтандыру жүргізілген жоқ. Біз көп нәрсе сұрап отырған жоқпыз. Кәдімгі ең қажетті деген игіліктерді талап етеміз. Осыған дейін де талай рет айтқанбыз.
«Бәрі болады» деген уәденің қадірі кетті», – дейді жұрт. Сондықтан әкімдік өкілдеріне айтар базынасы көп.
Тұрғындар халық игілігі үшін қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерге жеткенде жырым-жырым болып, нәтижесіз қалатынына налиды.
Мұнда биыл алғаш рет 3 шақырымнан астам жол жөнделді. Әкімдік өкілдері аудан ішін айналып өтетін осы жалғыз жайлы жолмен енді қоғамдық көлік жүргіземіз деп сендірді. Тұрғындарды қыркүйекке дейін күтуге шақырды.
Әби Әлменбетов, жолаушы тасымалдайтын компания директоры:
- 253-маршрут схемасын 3 шақырым 300 метрге ұзартамыз. Әрине, маршрутты жүргізгенде автокөлік саны да көбейеді. Ол сұранысқа байланысты.
Зейнеткер Шәкім Байғалиевті балалардың жайы алаңдатады. Қария: «Немеремеді серуендету үшін жаңадан төселген жалғыз тас жолмен жүруіме тура келеді», – дейді. Өйткені басқа амал жоқ. Балалар алаңы деген атымен жоқ.
Шәкім Байғалиев, зейнеткер:
- Балалардың бәрі топтанып жүреді. Ойнайтын жер жоқ, мына жақта шөп, мына жақта ағаш.
Әзірге ойынқұмар балалар бұзылған үйлерді де ермек етуде. Қауіптілігін де ескерер емес. Барлығы темір-терсек пен бетон маңында асыр салуда. Айта кету керек, халық қалаған балабақша мен мектептің де бұл жақта жақын уақытта салынар түрі көрінбейді. Білім бөлімі ондай шаруа жоспарланбаған деп отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов