Елімізде күзгі жиын-терім маусымы басталды
Көкөніс бақша дақылдарына қатысты нақты сандарды айтуға әлі ерте. Бірақ болжам бойынша диқандарымыз төккен тер ақталады деп отыр. Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз ба? Бұл – пандемия кезінде жиі талқыланып, Үкіметтің ерекше бақылауында тұрған басты мәселенің бірі.
Сонымен биыл егіс көлемі 22,7 млн гектар жерді қамтыды. Оның басым бөлігі – астық және бұршақ дақылдары, майлы дақылдар, бақша дақылдары мен картоп, сондай-ақ мақта мен қант қызылшасы.
Жамбыл облысы дәнді-дақылдарды жинау маусымын аяқтауға жақын. Алқаптың 99% орылды. Қамбаға 808 мың тонна өнім құйылды. Көкөніс бойынша нақты сандары айту әзірге ерте. Болжам ғана бар.
Ерлан Құлкеев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Облысымызда көкөніс-дақылдардың барлығы артығымен өндіріледі. Бір ғана айта кететін жайт, өзімізде өндірілетін өнім жүзім шаруашылығы 25-30%, ал алма 75-80% қамтамасыз етілген.
Ал еліміздің солтүстігінде орақ қызып жатыр. 253 мың гектар алқаптан 379 мың тонна астық жиналды.
Наргиз Ақжігітова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Алдын ала болжам бойынша ағымдағы жылы дәнді және дәнді бұршақ өнімдерінің өнімділігі 15,6 центнерді құрайды. Көкөністер 352 центнер құрау жоспарлануда.
Қостанай облысында бірқатар шаруаның еңбегі зая болды. Жаз бойғы аптап ыстықтан 500 мың гектар алқап күйіп кеткен. Бұл жалпы егіс көлемінің 12% құрайды.
Төремұрат Өтепов, шаруа:
- Ауа райы ысып, 40-45 градусқа дейін барғанда шығынданып қалдық. Бірақ соңғы жауындар шамалы көмек берді. Әсіресе кейінгі себілген егістерге пайдасы тиді.
«Дегенмен бұл – дабыл қағып, алаңдарлық жағдай емес», – дейді мамандар. Олардың айтуынша, астық көлемі былтырғыдан кем болмайды.
Назгүл Хатепова, ҚР АШМ департамент директоры орынбасарының міндетін атқарушы:
- Астық дақылдары биыл 17,9-18 млн тонна жинайды деп болжануда. Көкөніс, бақша дақылдарына келетін болсақ, өткен жылы 4 млн тонна жиналған болса, ағымдағы жылы да сол межені жинаймыз деп болжап отырмыз.
Қазақстанда әлеуметтік маңызға ие 29 азық-түлік түрі бар. Оның алтауын сырттан сатып аламыз. Өйткені шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, қант, балық және құс етін өзімізде қажетті деңгейде өндіре алмай отырмыз.
Саят Қамзин, ҚР АШМ бас сарапшысы:
- Осы алты тауар бойынша қамтамасыз ету деңгейі 60% шамасында. Қалғаны импортпен келеді. Енді мақсатымыз, жалпы министрліктің атқарып жатқан жұмысы – осы тауарлардың деңгейін 80% асыру.
Иә, өнім көлемін арттырмасақ, уақыт өте келе оның бағасы шарықтап кетуі мүмкін. Ал әзірге бұл тығырықтан шығатын бір ғана жол бар.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Бұл қоймада қазір 1200 тонна қант сақталып тұр. Осы тауар түрі нарықта тапшы болса, осындай қоймалар жағдайды реттеуге үлкен септігін тигізеді. Замануи нысан өнімнің түрін 5-8 жылға дейін бүлінбестен сақтауға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, диқандарымыз биылғы астықты ысырапсыз жинап алса, тұтынушы тарықпайды. Ал артылған өнімді сыртқа сату мен қажеттісін шеттен әкелуге шектеу жоқ.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айбын Құсанбеков