Армян нөмірімен жүретін көліктерді тіркеу 1 қыркүйекте аяқталады
Қазір, Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, 14 мың көліктің 10 мыңға жуығы қазақстандық нөмір алған.
Тіркеуден өткен көліктер ертең ел ішінде емін-еркін, еш кедергісіз қатынай алады. «Ал тіркелмеген темір тұлпарлар айыппұл төлеп, айып тұрағына қойылады», – дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері. Қазір бұл көліктерді рәсімдеу барынша жеңілдетілген. Бірақ бір «әттеген-айы» бар екен.
Бүгін өзінің темір тұлпарындағы армениялық нөмірін қазақстандық сарыға ауыстырғандардың бірі – Нұржан Нұрмұқанов. Көлігін қаңтар айында сатып алған. Оның айтуынша, қазір Армениядан әкелінген темір тұлпарларды тіркеуде аса қиындық жоқ.
Нұржан Нұрмұқанов, қала тұрғыны:
- Бұрын менен қазақстандық нөмірге 1 млн 200 мың сұрады. Көліктің құны – 2 млн 200 мың. Бұл мәселенің шешілуін соңына дейін күттім. Соңында талаптар жеңілдеді.
Айта кету керек, Армения елінен әкелінген көліктерді тіркеу науқаны маусымның 1-і күні басталған болатын. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінге дейін 14 мың темір тұлпардың 10 мыңға жуығы қазақстандық нөмірін алған. Бұл науқан қыркүйектің 1-інде аяқталады. Сол себепті мамандар көлік иелеріне тіркеуді жылдамдату қажеттігін ескертуде.
Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:
- 2020 жылдың ақпан айына дейін енгізілген армян көліктеріне тіркеу жүріп жатыр. Үкіметтің бекіткен – 1 қыркүйек. Одан кейін заң аясында жауапкершілік туындайды. Ол Әкімшілік кодекстің 590-бабы, 2-тармағына сәйкес тіркелмеген көліктермен жүретін болса, оларға 10 АЕК айыппұл салынуы мүмкін. Одан соң олардың көліктері айыппұл тұрағына тоғытылады.
Көліктерді тіркеу барынша жеңілдетіліп, төлеуі тиіс миллиондаған сома да қысқартылған. Бірақ бір мәселесі бар. Армениядан әкеліп, қазақстандық нөмір алған көлік иесі темір тұлпарын ел аумағында сата алмайды. Яғни өзі мініп, өзі тоздыруы қажет. Талап осындай.
Риат Шони, тілші:
- Сонымен армян нөмірлерін қыркүйектің 1-іне дейін міндетті түрде тіркеп, сары нөмір алуыңыз қажет. Осылайша сіз заңды түрде мына көліктер секілді еш кедергісіз ел ішінде жүре аласыз. Ал олай етпеген жағдайда армян нөмірі тағылған сіздің көлігіңіз айып тұрағында тұрған мына темір тұлпарлардың қатарын толықтыратын болады.
Авторлары: Риат Шони, Мейрамбек Ақмаханов