Таразда 120 орындық реабилитациялық орталық ашылды
Жалпы күтіну керек. Осыған байланысты Таразда коронавируспен ауырып, одан емделіп шыққандарды оңалтуға арналған алғашқы орталық ашылды.
Емдеу мекемесі 120 орынға арналған. Қазір мамандар алғашқы емделушілерді қабылдап, емдік шараларды бастап кетті.
Аға медбике Сұлушаш Романқұлова коронавируспен ауырған науқастарды емдеймін деп жүріп өзіне жұқтырып алған. Оның өкпесі қабынып, 30% зақымданыпты. Дерттен айыққанымен, бұлшық еттері әлсіреп, әлі де ентігеді.
Сұлушаш Романқұлова, қала тұрғыны:
- Емделіп шыққаннан кейін бұлшық еттің барлығы әлсіреп, өкпеміздің ентігуі әлі толығымен басылмады. Соған байланысты әртүрлі физиоемдеуден өтіп жатырмын. Оның ішінде электрлік стимулятор аппараты арқылы 10 күн ем алған соң жұмысыма кірісемін деген ойдамын.
Орталық түгел заманауи медициналық қондырғылармен жарақтандырылған. Айына 300-ге тарта адамға тәулік бойы ем көрсетуге мүмкіндік бар. Ал науқастарға Литва мемлекетінде біліктілігін арттырып келген мамандар қызмет көрсетеді.
Динара Кәрібаева, оңалту орталығының бас дәрігері:
- Қосымша аурулары бар. Біз әсіресе коронавирустың ауыр түрімен ауырған науқастарды алуға тырысамыз. Науқастар өздерінің жергілікті ауруханаларынан жолдаушы анықтама алады. Сол анықтама арқылы бізге келеді.
Мұнда медициналық емнен бөлек оттегімен өкпені тазарту, желдету және емдік дене шынықтыру тәсілдері арқылы оңалту да қарастырылған. Бірінші кезекте карантин кезінде алдыңғы шепте еңбек еткен медицина қызметкерлері, созылмалы ауруы бар науқастарға көмек көрсетіледі.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә