«Хабар» арнасы көрермен назарына «Көкжал-2» телехикаясын ұсынады
Жуырда телехикаяның түсірілімі аяқталды. Жоба 15 бөлімнен тұрады. Әрқайсысының ұзақтығы – 45 минут. Айта кетейік, көрермен бұл жолы бірнеше жаңа кейіпкермен танысады.
Есіңізде болар, сюжеттің негізгі кейіпкерлері – спортпен айналысатын жастар. Басты рөлдегі Ерболдың екінші маусымдағы тағдыры айтарлықтай қиын. Ол өз мақсатына жетем деген жолда ылғи келеңсіздіктерге жолығады. Жағдайды реттеу үшін рингте жұмсайтын күшін астыртын төбелес алаңына қолданатын кездері де аз емес. Өйткені айналасындағы адамдар соған мәжбүрлейді.
Дәулет Өсербай, басты кейіпкерді сомдаушы:
- Екінші маусымда көп нәрсе өзгерді. Жарақат алатын жерлер көп болды. Тіпті шынайы жарақат алған да сәт те кездесті. Әлі күнге дейін ауырсынамын.
«Көкжал» телехикаясының бірінші маусымы былтыр күзде көрсетіліп, көрерменнің жылы ықыласына бөленді. Биыл каратинге байланысты түсірілім тек жазда өтті. Ұйымдастырушылар: «Бұл жолы көше төбелесі, экшн бұрынғыдан да көп», – дейді.
Асылбек Досжанов, жобаның бас продюсері:
- Бұл телехикаяның мақсаты: төбелеске шақыру емес, жастарды спортқа бейімдеу. Спортпен шұғылданған адамның дені сау және ойы ұшқыр болады деп ойлаймын.
«Көкжал-2»-де жаңа оқиға өрбитіндіктен, кейіпкерлер де қосылады. Көрермен осының бәрін «Хабар» телеарнасынан жаңа маусымда көре алады.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы