Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасы мәдени орынға айналады
Кесене маңындағы баяғы ескі базар жоқ. Бұл маң тарихи қалпы сақтала отырып, жаңа мәдени орынға айналмақ. Көне шаһарда жаңа ғимараттар бой көтеріп жатыр. Былтыр 24 нысанның құрылысы басталған. Оның тоғызы пайдалануға берілді. Қалған 15-інің құрылысы алдағы қыркүйекте аяқталады. Бұл нысандардың дені Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында шоғырланады.
Қазір бұл маңда драма театр, Тұңғыш Президент саябағы, халықаралық туризм, спорт университеті салынып жатыр. Ал кесенеге қарама-қарсы бетте жаңадан шығыс моншасы мен қабылдау орталығы ашылып қойған. Осы қабылдау орталығына Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы бас сұқты. Мұнда бұрын халықаралық қазақ-түрік университетінің жатақханасы болған. Сол жатақхана жөнделіп, бүгінде туристер қабылдайтын орталық болып қайта ашылған. Түркістанға келген шетелдіктер алдымен осы жерге кіріп, шаһармен танысады. Тарихи орындарға бару үшін туристерге билет те енді осы орталықта беріледі.