Қостанай облысында көлік қатынасы қиындады
Қостанай облысындағы өңірлік маңызы бар Әулиекөл – Жалдама бағытындағы жол жүргізушілерді әбден титықтатыпты. Жүз шақырымдай асфальттің тас-талқаны шыққан. Соның кесірінен көліктердің қатынауы мұң. Жолдың жайы қашан шешілмек?
Жалдама ауылынан Қостанайға дейінгі 357 шақырым жолмен көлік жиі қатынамайды. Бірақ Амангелді және Жангелдин ауданы үшін оның маңызы бөлек. Бұл – облыс орталығымен байланыстыратын жалғыз трасса. Алғашқы жүз шақырымы соңғы төрт айда әр жерінен ойдым-ойдым боп шыға келді. Сәуірде тақтайдай тегіс болған аумақты жұрт бір сағатта еңсеретін. Қазір тас-талқаны шыққан жолмен үш сағатта әзер жетеді.
Жолдың жауы – ауыр жүк көліктері. Қиыршық тас, құм, көмір, құрылыс материалдарын тиеген техникалар асфальтті саз балшықша илеп тастаған. Асфальт жол бойында емес, жиегінде бөлшектеніп жатыр. Шұрық-тесік шұңқырлар жүріс бермейді. «Көлігіміз бұзылып, әбден шығынға баттық», – дейді жүргізушілер.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
- Осы жолды бес саусағындай білетін жүргізушілер осындай кедір-бұдырды оңай айналып өтеді. Ал сирек жүретіндер автокөліктерінің астын соғып, техникаларына залал келтіруі мүмкін. Өкінішке қарай жол азабын біз де көрдік. Қызметтік көлігіміздің доңғалағы жарылып, басқышы жұлынып қалды. Оталдырғанда бір спорткарға мінгендей боласың. Алайда бұл біздің діттеген жерге тез жетуімізге әсер етпесі анық.
Облыстық маңызы бар жолды орташа жөндеу жұмыстары Әулиекөл ауданынан басталып отыр. Қазан айында жүз шақырымы қалпына келтіріледі деп жоспарланған. Ал құрылысшылардың Дәмді ауылынан Амантоғайға дейінгі апатты аумаққа қашан жететіні белгісіз.
Болат Сейдахметов, Автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасы басшысының орынбасары:
- Келесі жылға тағы да жүз шақырым жол, яғни Дәмдіден Амантоғайға дейін жетеміз деп жоспарлап отырмыз. Қазір басқа әдіспен жасалады, жаңа материал қосылады.
«Жолдың жағдайы биыл түзеледі», – дейді басқарма өкілдері. Мердігер 25 тамызға дейін жолды тегістеуі тиіс деген ұйғарым жолданды. Егер бұл міндеттеме орындалмаса, мәселе сот арқылы шешіледі.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров