«СҚ-Фармация» кәсіпорнының қазіргі ахуалы қандай?
Басты міндет емханалар мен ауруханаларға бірдей бағамен дәрі-дәрмек тарату болатын. Бірақ осы күнге дейін бірыңғай дистрибьютордың басынан дау арылмай келеді. Айталық, 2010 жылы Шымкентте 12 ана мен 84 бала ВИЧ инфекциясын жұқтырғаны бәріміздің есімізде.
Сол кезде балаларды емдеуге арналған брендтік препараттардың орнына оны алмастырғыш дәрілер берілгені белгілі. Өкініштісі бұл мәселеден шыққан қорытынды шамалы болып тұр. Коронавирус қыспаққа алған кезде аса қажетті препараттардың тапшылығы сезіліп, халық әбігерге салынды. Іске Мемлекет басшысы араласқан соң ғана мәселе шешілді. Сылбырлығы үшін сын садағына іліккен мекеме жұмысын ширатты ма?
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- «Фармация» – единый дистрибьютор. Которому госденьги даются, и он распределяет заказы на закуп. Это стало мафией. Выгони всех кто в там сидит сейчас. И поставь новых людей и обеспечь разбирательство.
Кейін араға үш жыл салып, міне, екінші Президенттің сыны.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- У меня вопрос по «СК-Фармации». Что это за организация? Кто там работает? И почему они нас каждый раз подводят? Я уже на протяжении последних 15 лет слышу об этой организации. Все там хотят работать. Клановые интересы какие-то. Нужно уволить. Если в этом есть необходимость провести следствие.
Бір емес екі Президенттің сынына ұшыраған компания емханалар мен ауруханалардағы дәрі тапшылығын жойып, олардың қажетті препараттарды әр жерден емес бірыңғай дистрибьютордан алуы үшін құрылған болатын. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, «СҚ-Фармация» пайда болғалы бюджеттік қаржы да біршама үнемделген.
Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Бұл компанияның пайда болғанына он жыл болды. Сол он жылдың ішінде бірталай мәселе шешілген. Мысалы, осыдан он жыл бұрын әр аймақ дәрі-дәрмекті өздері сатып алады екен. Сол кезде Алматы қаласында аспириннің бағасы жүз теңге болса, Атырауда оның бағасы 500 теңге болды. Ал соңғы 10 жылдың ішінде «СҚ-Фармацияның» енгізілген жүйесі арқылы 178 млрд теңге үнемделген екен.
«СҚ-Фармация» қаржы үнемдеу жағын жақсартса, қажетті дәрімен қамтуға келгенде ақсаған секілді. Өйткені коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскен науқастар тиісті препараттардың тапшылығы қатты сезілгендігін айтады. Мәселен, елорда тұрғыны Жанна Александрованың өкпесі екі жағынан қабынып, 75% зақымданған. Осы күйінде алты күн аурухана төсегінде жатыпты. «Бірақ емдеу мекемесінде қарапайым дәрілер болмады», – дейді елорда тұрғыны.
Жанна Александрова, қала тұрғыны:
- Маған «амикацин» деп аталатын антибиотик керек болды. Бірақ балаларым оны дәріханалардан таба алмады. Ауруханада да жоқ. Дәрігер не істерін білмеді. Менің сол түнім өте қорқынышты болды. Өйткені ертең не боларын білмедім. Көрші төсекте жатқан әйелге балалары дексаметазон алып келіп берді. Маған да беріп еді, денсаулығым біршама оңала бастады. Ауруханада қарапайым новокаин, лидокаин секілді препараттар болмады. Өте қорқынышты. Бұл жерде дәрігерлерді де кінәлауға болмайды. Оған дәрі берсең, емдей береді ғой. Бұл жерде жүйелік қате бар шығар.
Жүйелік қатенің барын мамандар да айтып отыр. Компанияның жұмыс істеп тұрғанына он жыл болғанымен, әлі күнге дейін өзіне тиесілі инфрақұрылымы да жоқ екен.
Ләйлә Ишбаева, «Салауатты Астана» амбулаториялық-емханалық қызметінің басшысы:
- Он жылдың ішінде «СҚ-Фармация» шынайы логистикалық хабқа айнала алмады. Олар аймақтық желілерін құра алмады. «СҚ-Фармацияның» өңірлерде өз қоймалары жоқ. Олар басқа фарм-компаниялардан жалға алады. Дистрибьюторға қажетті инфрақұрылымдарын да дамытпады. Мен білетін ірі компаниялардың тиісті қоймалары, тасымалдайтын көліктері бар. Ал «СҚ-Фармацияның» әлі күнге дейін инфрақұрылымы жоқ. Осының барлығы коронавирус қыспаққа алғанда қатты сезілді. Бір сөзбен айтқанда барлық былық пен қателікті айқын көрсетті.
Қателік жоспарлауда да болды. Оны жасырудың қажеті жоқ. Өйткені «СҚ-Фармация» келіп түскен өтініштер бойынша емдеу мекемелеріне тиісті дәрі-дәрмекті таратады. Ал қазақстандықтар жаппай ауырып, ауруханаларға келе бастағанда қажетті қор бір мезетте таусылды. Жергілікті жерлерде қоймалар болмағандықтан, дәрілерді жеткізуде де қиындықтар туындады.
Ерхат Есқалиев, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:
- Мұндай сценарийді ешкім күтпеді. Үлкен мамандардың болжауы қате болып шықты. Негізі ауруханаларда дәрілердің бір айлық қоры болады. Ол күнделікті, қалыпты жағдайға арналған. Ал коронавирус өршіген кезде төрт айлық қор екі-үш күнде таусылды. Препараттарды алуға өтініш беру жағында да қателіктер жіберілді. Көбі дәрі-дәрмектер қажет болмай, құр бүлініп кетеді деп қорықты. Қазір осы жоспарлау проблемасы болмас үшін біз екі айлық қор құрып жатырмыз. Яғни екінші толқынға дайындық жүргізілуде. Егер қандай да бір облыс дұрыс жоспарлай алмай, дәрі тапшылығы болып жатса, біз қордан алып, дереу жеткізетін боламыз.
Риат Шони, тілші:
- Айта кету керек, «СҚ-Фармация» дәріханалардағы препараттар үшін жауап бермейді. Жеке сектордың өз дистрибьюторлары бар. Енді осы COVID-19 індетін емдеуге көмектесетін дәрілердің тапшы болмауын және олардың бағасы шарықтамауын «СҚ-Фармация» қадағалайтын болады. Әрине, уақытша. Дегенмен өткен қателіктер ескеріліп, қорытындылар жасалды. Енді алда мамандар болжаған коронавирустың екінші толқыны келе жатыр. Қауырт кезде бірыңғай дистрибьютор еш қателіксіз жұмыс істей ала ма? Оны енді уақыт таразылайды. Бастысы ауырмай аман болайық.
Авторлары: Риат Шони, Әлібек Әлиев, Айбын Құсанбеков, Диас Қобыланбаев