Жұмыс берушілер тарапынан ҚР Салық кодексінде жеңілдіктер қарастырылған
Мәселен, сіздің ипотекаға жұмсаған қаражатыңыздан жеке табыс салығын азырақ төлеуге құқығыңыз бар. Салық кодексі бойынша кімге және қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Қазір әрбір екінші қазақстандықтың басында ипотекалық несие бар екені белгілі. Осы ретте Үкімет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Бірақ ол тек тұрғын үй саласын қаржыландыруға мамандандырылған банктен баспана алғандарға ғана арналады. Яғни айлығынан алынатын жеке табыс салығын азырақ төлейді. Сонымен қазақстандықтар жалақыларын қаншалықты үнемдей алады? Бұл сауалдың жауабын қаржылық кеңесші Дәулет Төлеутайұлы былай деп түсіндірді.
Дәулет Төлеутайұлы, қаржылық кеңесші:
- Егер де сіздің ипотекаңыз болса, 6300 теңге салық төлейсіз. Ал ипотекасы жоқ азаматтар 150 мың теңге алып отырса, олар осы уақытқа дейін 6300 теңгенің орнына 9100 теңге жеке табыс салығын төлеп келеді. Сонда 9100-ден 6300 азайтатын болсақ, арада 2800 теңге айырмашылығын көреміз. Сонда қараңыз, 150 мың айлықпен осы уақытқа дейін 124 мың теңге қолға алып жүрсеңіз, салықтық жеңілдіктердің арқасында, 127 200 теңге ай сайын алып отырасыз. Егер ипотекаңыз он жылға рәсімделген болса, 360 мың теңге жалақыңызға жалпы үнем болады.
Ипотекалық қарызға сай бұл есеп әркімде әртүрлі шығады. Ал жеңілдікті білмей, енді өтініш жазатын болсаңыз, соңғы бес жылдағы ақшаны қайтарады. Бұл үшін жұмыс берушіге үш құжат тапсыру қажет. Олар – банктік қарыз шарты мен өтеу кестесінің көшірмелері және төлем туралы түбіртек. Өкініштісі сол Үкімет тарапынан мұндай жеңілдік бар екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Дәулет Төлеутайұлы, қаржылық кеңесші:
- Баспана мәселесінде қуаныш болып жатқан кезде көп нәрсеге мән бермейміз. Бастысы, банк келісім берді. Қол қой деді, қоя береміз. Шыны керек, сол кезде мән бермейміз.
Ал экономист Мақсат Халық: «Көпшіліктің тарапынан мұндай көмектің көп сұранысқа ие болмауы еліміздегі заңнамалардың жиі өзгеруіне байланысты», – деп санайды.
Мақсат Халық, экономист:
- Мұны білмеудің нақты екі себебі бар. Біріншісі, салық кодексінің өте үлкен болуы. Төрт рет қабылданды. Өзгертулер мен түзетулер енгізілген сайын, шытырман оқиғаға айналып келеді. Қарапайым адам ғана емес, мықты сала маманы да шатасып қалатын жағдай болады. Екінші себеп, азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігімен байланысты.
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Кез келген қазақстандыққа мемлекет жасап отырған салық кодексіндегі бұл жеңілдікті алуға мүмкіндік бар. Бұл үшін заң мен қаржылық сауаттылығымызды арттыру керек. Тек сонда ғана кез келген азамат жұмыс берушісінен тиісті жеңілдіктерді беруін талап ете алады.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Дәурен Жұрхабаев