Ертіс өңірінің ауруханалары жоспарлы емдеу шараларына қайта кірісті
Олардың қатарында облыстық кардиохирургиялық орталық та бар.
Иманғали Құспеков – Екібастұз өңірінің тумасы. Өмір бойы мал шаруашылығымен айыналысып келеді. Павлодарға келгенде жүрегі ұстап, осы орталыққа түсіпті. Кейін азаматтың жүрек қан тамырлары зақымданғаны белгілі болды. Науқас бірнеше күн ішінде жақындарының ортасына оралып, толыққанды оңалтудан өтпек.
Жоспарлы қабылдаулар жанданғалы бері ашық жүректе 30-дан астам түрлі операция жасалды. Олардың ішінде бес айлық сәби мен бес жастағы бала да бар. Дәрігерлер жүрегі сыр берген 70 жастағы қарттың өміріне де араша болды. Олардың барлығы – кезекте тұрған пациенттер.
Думан Ізғұттинов, кардиохирург-дәрігер:
- Провизорлық стационарларда толтыру азайғаннан кейін бізде жоспарлы жатқызу қайта жанданды. 20-ға тарта науқас жатыр. Оның жартысынан көбі жоспарлы келіп түскен. Олардың бәрі – өзімізде кезекте тұрған науқастар.
Карантин кезінде кардиологиялық орталық жанынан 270 орындық провизорлық орталық ашылған. Екі аптадан астам уақыт бойы мыңнан астам науқас емделіп шыққан.
Мұрат Райханов, облыстық кардиохирургиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:
- Кардиоорталықтың жұмысы қалыпқа келді. Жоспарлы және жедел хирургиялық бұрынғыша көмек көрсетуде. Қазіргі уақытта біздің бөлімшеде жатқан науқастардың барлығы операциядан соң емделуде.
Бүгінде облыстық кардиохирургиялық орталықта 500 маман еңбек етеді. Карантин кезінде ашық жүрекке жасалатын операциялардың бірнеше түрі енгізілген. Осылайша хирургиялық әрекеттердің саны 20-ға жуықтады.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков