Қарағанды облысында электр бағасы шарықтап кетті
Енді тұрғындар 1 кВ-қа 19 теңге 71 тиыннан төлейтін болады.
Карантин кезінде онсыз да табысы азайған жұртты бұл жағдай тіптен ашындырып отыр.
Осакаров селосында токтың жыры таусылмай тұр. Шілде айына дейін елді мекеннің электр қуатына «Жезқазғанэнергосбыт» мекемесі жауапты болған. Олар да екі жыл бұрын тарифті заңсыз көтеріп, кейін сот артық жинаған ақшаларын халыққа қайтару жөнінде шешім шығарған болатын. Сөйтіп монополист тұтынушылармен есеп айырылысу үшін бағаны 14 теңгеге түсіреді.
Дәнен Исабаев, Осакаров кентінің тұрғыны:
- 2018 жылға дейін 1 млрд 400 млн теңге ақшаны халықтан артық алған. Ол ақшаны қайтару керек еді. Соттың шешімі бар. Бірнеше сот отырысы өтті. Бәрінде «ақша халыққа қайтарылсын» делінген. Бірақ бүгінгі күнге дейін сол қаржы халыққа тегіс қайтарылған жоқ. Қазіргі жағдайда олар нарықтан кетті, басқа инвесторлар келді.
Бірақ ол инвестор да жұртты жарытпады. Бағаны бірден аспандатып жіберді. Тұтынушылар шілде айында 1 кВ үшін 18 теңге 76 тиыннан төлесе, осы айда тариф тағы көтерілген.
Сәуле Асқарова, Осакаров кентінің тұрғыны:
- Өткен айда 1 кВ18 теңге 76 тиын болып есептелді. Осы айда 19 теңге 71 тиынмен келді. Келесі ай тіпті қымбаттатады деп айтып жатыр. Оның үстіне пандемия уақыты. Неге қымбаттатып жатқанын білмейміз.
Компания басшысы бұл қадамға амалсыз барғанын айтты. Себебі биылдан бастап ток өндіретін және тасымалдайтын мекемелер бағаны өсірген. Айтуларынша, тек Осакаров селосы емес, қазір облыстағы барлық аудан, қалаларда электр қуаты қымбаттапты. Ал жергілікті әкімдік бұл жағдайда дәрменсіз.
Серік Әкежанов, Осакаров кентінің әкімі:
- Қай себептен десек, «Үкіметтің жарықтың бағасын көтеру жөнінде жарлығы шыққан», – дейді. Біз қазір не себепті көтергендеріне деп сұрау хат жолдадық. Сол организациялардан жауап күтіп отырмыз. Жауап алған соң оны міндетті түрде халыққа жеткіземіз. Антимонополистік комитет карантин себебінен келе алмай жатыр.
Ендігі бар үміт табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінде. Ол үшін әуелі қоғамдық тыңдау өткізу керек. Бірақ карантиндік шектеулерге байланысты бұл әзірге мүмкін болмай тұр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев