ШҚО-дағы жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын
Аудан орталығын қаламен байланыстыратын жаңа көпірдің құрылысы аяқталатын күн алыс емес.
Осыдан екі жыл бұрын ескі көпірді су шайып, сол маңдағы бірнеше үй тасқыннан зардап шеккен болатын. Сондықтан аталған құрылыстың басталуын аудан жұрты асыға күткен еді.
Осыдан екі жыл бұрынғы алапат тасқында Глубокое кентінің тұрғындарын ауыл ішімен ағып жатқан Глубочанка өзені тәуір әуреге салған еді. Суы кенеттен көтерілгендіктен, ескі көпірден еш пайда болмай қалды.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Ол кезде тасқын туғызған негізгі себеп – ескі көпір енінің қысқалығы. Ол бар болғаны 7 метрдей ғана еді. Жан-жақтан жиналған су бұл жерге сыймай тасып маңайдағы үйлерді басты. Сөйтіп қазір сол көпірді үлкейту туралы шешім қабылданды. Қазір оның ені 24 метрге ұлғайтылды.
30 шақты үй су астында қалды. Олардың арасында Баян Қанағатованың баспанасы да бар еді. «Глубокое кентінде 15 жылдан бері тұрсам да, ондай табиғат апатын алғаш көруім», – деп еске алады ол. Тасқын су жолындағының барлығын шайып кеткен болатын.
Баян Қанағатова, Глубокое кентінің тұрғыны:
- Су моншаның шатырына дейін келді. Биыл көпір құрылысының қолға алынғанына 3 ай болып қалды. Көпірдің салынып жатқанына қуаныштымын. Менің тасқынға деген қорқынышым сейілді.
Сөйтіп 70 жыл бұрын салынған көпірдің орнында қазір қарбалас құрылыс жүріп жатыр. Бас инженердің айтуынша, үш тіреуішпен салынған құрылғы 120 тоннаға дейінгі салмақты көтереді. Екі жолақты қозғалысқа арналған. Қазір негізгі жұмыстар аяқталды.
Ерік Пішенов, бас инженер:
- Жұмысты біз мамырдың ортасына қарай бастаған едік. Қазір, міне, тамыз аяқталуға жақын. Негізгі жұмыстар ыңғайланып қалды.
Көпір тасқын қаупін сейілтіп қана қоймай, бүкіл көлік қатынасына да оң әсерін тигізбек.
Марат Амантай, Глубокое кентінің әкімі:
- Көпірдің пайдалы жақтары көп. Себебі ол қала мен аудан орталығы Глубокое кентін қосатын қосатын жол.
Жаңа көпір құрылысы мерзімінен бұрын қыркүйек айының ортасында толық аяқталады деп жоспарлануда. Жоба құны – 166 млн теңге.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов