Балық шаруашылығындағы түйткілдер шешілмей тұр
Ал сол аралықта кеткен жем шығыны балық бағасының 70% тең. Сондықтан елімізде балық шаруашылығы өрге баспай тұр.
Жалпы салада шырмауы шешілмеген мәселе көп. Мұның барлығы нарықтағы балық бағасына да кері әсерін тигізіп отыр.
Денис – бұрынғы браконьер. Бұрынғы деп отырғанымыз: енді ол жергілікті балық шаруашылығына ресми түрде жұмысқа орналаспақ. Жалғыз емес. Қасында өзі секілді бір топ досы бар. Себеп: браконьерлерге қатысты заң күшейтілген. «Тығылып, қашып, заңсыз жұмыс істеуден жалықтық», – дейді.
Денис Писарев, бұрынғы браконьер:
- Қатаңдатылған заң шықты. Ұзақ мерзімге бас бостандығымыздан айырылуымыз әбден мүмкін еді. Біздің де бала-шағамыз бар. Бәлкім,содан болар, ойланып қалдық. Оның үстіне өмірімізге қауіпті болды. Түнде шығамыз. Қашамыз. Кейде төбелесеміз. Қайық пен қайық соқтығысып, мерт бола жаздаған күндеріміз де болды. Қысқасы ұйқы қашты. Адам сияқты өмір сүргіміз келді.
Денис секілді тағы тоқсан адам бар. Барлығы жергілікті шаруашылыққа жұмысқа орналастырылмақ. Енді заңды түрде өз кәсіптерін дөңгелетеді. Бірақ мұнымен іс бітті деген сөз емес. Айылын тыймай жүргендер де жетерлік. Тыйғаны былай тұрсын, заманауи құралдармен жабдықталып, тіпті қорықшыларға сес көрсетуден тайсалмайды екен.
Серік Жанысбай, Шардара су қоймасының аға су қорықшысы:
- Мысалы біз қырықтық мотор алсақ, олар елулік, алпыстық мотор алып, бізден бір саты жоғары жүреді. Барынша ұсталмаудың амалына көшеді. Енді олар шабуылдайды. Қайықпен кейде соғып кетеді. Көктемде, 24 мамырда, болған оқиғада, қайықпен келіп екі мәрте соғып өтті. Біздің балалар ұстаған кезде екінші қайық келіп соқты.
Күндіз су беті тамаша, ал түнде басқаша. Заңсыз балық аулайтындар жыртқыш қасқырдай жорыққа шығады. Қорықшылардың айтуы бойынша оларға бәрібір. Уылдырық шашу кезінде де қармағын кезеп тұрады. Зиянды торларын тастап кетеді. Балықтың үлкен кішісіне қарамай ау салады.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Дәл қазіргі сәт. 3 қайық. 7-8 адам балық аулауға жұмылдырылған. Таңнан бері қармаққа, яғни ауға түскен балықтың көлемі көрініп тұр. Мұндағы ірі балықты қайыққа лақтырып, ал кішкентайларын суға қайтадан ағызып жібереді.
Бақыт Мұсалиев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Өзінің ережесіне сәйкес балықтың өлшемдері беріледі. Бізде кей балықтардың өлшемі берілмейді. Сазан, көксерке, дөңмаңдай, лақа балықтарының өлшемі бар. Өлшемнен кіші балықтар алынбайды. Қазіргі таңда Түркістан аумақтық инспекциясында бірде-бір жүзу құралы тіркелмеген. Сондықтан инспекция мамандары егерлердің жүзу құралдарын пайдаланып, солармен бірлесе отырып жұмыс жүргізеді.
Бөлім басшысының сөзіне сүйнесек, су бетіндегі тәртіпті қадағалау үшін әлі де болса қолдау қажет. Әйтпесе браконьерлікпен күрес қазір толастамайтын секілді. Балық шаруашылығын шатқаяқтатып тұрған бұл ғана емес. Салық мәселесі тағы бар. Мысалы, көрші Өзбекстанда суды пайдалану тегін екен. Маман тапшылығы айтпаса да түсінікті. Қожалық иесі кәсіптік колледжде жас кадрларды даярлап, тіпті білімдерін арттыру үшін шетелде оқытып жатыр.
Бақытжан Серманизов, балық шаруашылығының басқарма төрағасы:
- Колледжде оқып жатқан балаларды жұмысқа тартамыз. Оқуда үйренгендерді практика жүзінде көреді. Әрі жұмыс істейді. Балығын ұстайды, өз көзімен көреді. Көзбе-көз практикадан соң қызығушылығы артады.
Шаруашылық иесі балықшылар ауылын көркейтуді көздейді. Зауыттың қуаттылығы жылына 6 мың тонна балық өңдеуге жетеді. Қазір меженің жартысы ғана орындалып жатыр. Сондай-ақ балықты аулаудан гөрі оны өсіруге басымдық берілуде.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Мұнда 7 тоған бар. Яғни шабақтар осы жерде өсіріледі. Ол үшін бес қызметкер жұмылдырылған. Олар күніне 4-5-6 мезгіл тамақтарын беріп, 10 күн сайын балықтардың өсу процесін тексеріп тұрады. Балықтардың көлеміне байланысты оған берілетін жем-шөптер де күнделікті ұлғайтылып отырады. Бір маусымдық кезең өткеннен кейін мұндағы балықтар су қоймасына жөнелтіледі.
Нұрболат Серманизов, балық өсіруші маман:
- Шетелден келетін жем береміз. Жемнің бағасы қымбат. Оның құны балықтың да бағасына әсерін етеді. Ол жемдер енді Қазақстанда болса, осы жерде өңделсе, бағасы арзандау болады деген ойымыз бар.
Балық құнының 70% жемге кетеді. Сондықтан шаруашылық субсидияға мұқтаж. Тиісті көмек көрсетілсе, 5 мың тоннаға дейін балық бордақыланады. Қорыта айтатын болсақ, ел-жұрт балықты қымбат болған соң жемейді. Ал шикізат көбейсе, баға арзандайтыны белгілі. Ал оны көбейту үшін әлгінде айтқан суды пайдалану құқығы, браконерлік, балықтың жемін жөнге салу керек.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Арман Ақшабаев