Алматыда арықтан табылған тастанды баланың денсаулығы жақсарып келеді
Полиция қызметкерінің айтуынша, жаңа туған нәрестені өтіп бара жатқан ер адам байқаған. Он екі мүшесі сап-сау ұл бала бірден Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді. Қабылдау кезінде сәбидің жағдайы гипотермияға байланысты ауыр болған. «Қазір жаңдайы орташа, дене қызуы қалыпты», – дейді дәрігерлер. Ал Алмалы аудандық Полиция басқармасының тәртіп сақшылары баланың биологиялық анасын шұғыл іздестіру шарасына кірісті.
Құрметбек Тоқтар, «Балалардың шұғыл медициналық жәрдем орталығының» бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Кіндігі дұрыс кесілмеген. Қабылдау бөлімінде баланы барлық дәрігер тексеріп шықты. Баланың дене қызуы 34 градусқа дейін түсіп кеткен екен. Бірден жансақтау бөліміне жібердік. Сол жерде қажетті емін алды. Қазіргі таңда баланың жағдайы бірқалыпты. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Мұндай жағдайда баланың денсаулығы қалпына келгеннен кейін толғымен сәбилер үйіне өткіземіз.