Өскеменде электр жарығы неге жиі өшеді?
Бұл келеңсіздік әсіресе қаланың 19-ыншы ықшам ауданында күн сайын әдетке айналып барады. Мезі болған тұрғындар бұл іске нақты кімнің жауапты екендігін білгісі келеді.
Алайда олармен кездесуге келген энергетиктер де, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс бөлімінің мамандары да бұл сұраққа жауап бере алмады. Тек барлығы өзара кінәні бір-біріне сілтеуден әрі асқан жоқ.
19-ыншы ықшам ауданның тұрғындары әрбір күнін «бүгін электр энергиясы сөнбей ме екен» деген уайымен бастағалы 10 жыл болыпты. Осы жазда бұл мәселе тіпті күрделенді. Кез келген уақытта электр қуаты өшіп, тұрғындар әбігерге түседі. Осы сұрақ бойынша аудан жұрты өз наразылықтарын білдірді. Алайда келген мамандардан тұшымды жауап алу мүмкін емес. Мәселен, энергетиктер мен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы электр желісі кімге тиесілі екенін өзара түсінісе алмай дал.
Осылайша бұл маңда құрылыс көп жүріп жатқандықтан, желілердің үзілуіне сол жұмысты жүргізушілер кінәлі екен. Алайда Қалалық құрылыс бөлімі: «Құрылыс нысандарына тапсырыс беретін тек біз ғана емес», – деп ақталды.
Мерей Әкімжанов, Қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Қалада бізден бөлек те тапсырыс берушілер бар. Соңғы сілтеулердің құрылыс бөліміне қатысы жоқ деп есептеймін.
Энергетикалық компания: «Жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін бізден рұқсат сұраған жан болмады, әркім келіп жерді қазып жатыр. Салдары осы», – дейді.
Ирина Глебина, «ШҚ АЭК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл желілер Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының қарамағында. Сондықтан ең басты сауал соларға қойылуы керек. Жалпы жүргізіліп жатқан жұмыстарға біздің тарапымыздан ешқандай рұқсат берілген жоқ. Сондықтан ақаулар болып жатыр. Біз тек ақауды қалыпқа келтірумен айналысып жүрміз. Ал бір ақау болған жерді жөндеу үшін бір аумақты электр жарығынан толық ажыратуға тура келеді. Сәйкесінше көп тұтынушы электр қуатынынсыз қалады.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы да құрылыс жүргізіп жатқан компаниялардың жауапсыздығын растап отыр. Алайда оларды тәртіпке шақыратын құзыры жоқ.
Нұржан Жапбаров, қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Жер қазу жұмыстары ешбір келісімсіз іске асырылып жатыр. Бұрын біздің бөлімде ордер беру құзіреті болған. Оны алмай ешбір мекеме немесе жеке тұлға жерді қазып құрылыс жүргізе алмайтын еді. Кейіннен әкімшілік кедергі деген себеппен ордер беру құзыретін алып тастады. Сондықтан біз желіні үзген мердігерлерді жауапкершілікке тартып, айыппұл сала алмаймыз.
Сөйтіп тұрғындар ұшы-қиыры жоқ даудың ортасынан нақты жауап таппады. Аяқасты ажыраған электр қуаты салдарынан істен шыққан тұрмыстық техникаларының өтемін де кімнен сұрарын білмейді.
- Тоңазытқышым істен шықты. Оны жөндеуге апардым. Сонда осының бәріне кім жауап береді?
Гүлзия Ахмадиева, үй тұрғыны:
- Мен өзім үш баламен үйде отырған анамын. 6-шы қабатта тұрамын. Әдетте жедесатымен жүреміз. Оның өзін күніне 2 реттен өшіріп тастайды. Айтатындары – апаттық жағдай. Қай жердегі апаттық жағдай екені белгісіз.
Пәтер иелері кооперативі де бұл мәселені шеше алмайды. Білдей әкімдік өкілдерінің шамасы жетпей жатқанда бұл түсінікті де. Сондықтан тек ашынған жұртты тыныштандыратын «психолог» болып кеткенге ұқсайды.
Айнұр Мамырбаева, Жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
- Бір сағат ішінде 300-ден аса адам хабарласады. Әркім өз проблемасын айтып шағымданады. Солардың бәріне басу айтып, психолог ретінде «10 минуттан соң қосады, шыдай тұрыңыздар» деп тыныштандыруым керек.
Сонымен әкімдік мамандары жиналғандарға: «Істен шыққан тұрмыстық электр техникаларының өтемін алу үшін арнайы комиссия құрып сотқа шағымданыңыздар», – деп кеңес берді. Бірақ нақты кімнің үстінен шағымдану керектігін айтпады. Жыл басынан бері облыста жалпы 1200-ден астам апаттық ажыратулар болған. Айта кетейік, электр желісіне байланысты мәселе ушығып тұрған осы сәтте өлкеде жаңа оқу жылында 110 мыңға жуық оқушы қашықтан білім алуға әзірленуде.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов