Жамбыл облысында жаңа жолдар бұзылып жатыр
Оған себеп: мемлекеттен тапсырыс алған мердігер компания бірнеше елді мекенді байланыстырып жатқан жолды сапасыз әрі жұқа етіп төсеп шыққан.
Кемшіліктерді Ұлттық жол сапа орталығының мамандары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінен құралған арнайы бақылау тобы анықтады. Құрылыс нормаларын өрескел бұзған компанияның жұмысын комиссия дер кезінде тоқтатып, заңды талап қойды.
Отар-Сұлутөр-Көктөбе бағытындағы автожолдың сапасы талапқа сай болмай шықты. 14 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік бюджеттен 302 млн теңге қарастырылған. Алайда тендерді жеңіп алған компанияның жұмысы құрылыс нормаларына сәйкес келмейді. Оны Ұлттық жол сапа орталығының мамандары сынама алып, зертханалық сараптама арқылы дәлелдеп берді.
Қадіржан Мырзаев, Ұлттық жол активтері сапасы орталығының инженері:
- Асфальтке сараптама жасалды. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Үстіндегі жапсарды алып тастау керек. Сондай-ақ асфальт қалыңдығы да нормаға сай емес. Жоба бойынша 5 см салынуы тиіс жерге 4-4,5 см ғана төсеп жіберген. Жолды жөндеуге жауапты компания кемшілігін мойындап отыр. Ақау анықталған жол бөліктерін мынадай етіп ойып, асфальт салуға әзірлеп те қойған. Алайда комиссия мүшелерінің орындалған жұмысқа көңілі толмады. Олар сапасыз салынған жолды түгел сүріп, жаңадан салуды талап етуде.
Назима Дәрменқызы, «Жамбыл адалдық алаңы» жобасының жетекшісі:
- Комиссияның қаралымынан соң бірлесіп, жолдың қайтадан салынуын қадағалайтын боламыз.
Енді мердігер 1,5 шақырымдай жолды сүріп, қайта салуы тиіс. Мемлекеттік тапсырысты жүйелі орындамаған жағдайда жоба қабылданбайды.
Ержан Мұғалов, мердігер компанияның директоры:
- Жолды сапалы салу үшін не кедергі болды? Оған себеп: әкелген асфальт сапалы болмай шықты. Әрі қарай тапсырушылардың айтқан тапсырмаларын орындаймыз.
Досжан Жантелеев, облыстық Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:
- Мұның барлығы тек мердігердің қаражатынан болады. Қазір ешқандай жұмыс қабылданған жоқ. Құрылыс барысы әлі біткен жоқ. Сондықтан құрылыс барысында анықталған осындай ақаулардың барлығы мердігердің өз қаражаты есебінен жөнделеді.
Жамбыл облысында биыл жол құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бір ғана Қордай ауданында 350 шақырым жол жөнделіп жатыр. Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жолға қатысты 109 рет тексеру жүргізіліп, 300-ден астам сынама алынған. Нәтижесінде 25 кемшілік анықталып отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә