Қызылорда облысында 116 мың оқушы қашықтан оқиды
Жаңадан салынған 2 мектеп білім күні пайдалануға беріледі. Облыста өткен тамыз конференциясында қашықтан оқытуға керек құрылғыларға мұқтаж оқушылар мәселесі де талқыланды.
Педагогтардың басқосуына карантин талаптарын ескере отырып онлайн форматта облыс әкімінен бастап барлық аудан басшылары мен ұстаздар қауымы қатысты. Сыр өңірі білім күнін тағы қандай ерекшеліктермен бастайды?
Қызылорда облысында биыл 55 білім беру нысаны жөнделіп жатыр. Жаңадан салынған 2 мектеп білім күні пайдалануға беріледі. Тағы 4 білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Қызылорда қаласындағы 600 орынды, Арал ауданының Сексеуіл кентіндегі 300 орынды мектептер құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Қашықтан оқытуға керек құрылғыларға мұқтаж оқушылар мәселесі де басты назарда.
Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:
- Республикалық бюджеттен 3,4 млрд тг қаржыға қазір 22 мыңнан астам компьютер алынуда. Байланыс операторларымен бірлесіп елді мекендердегі интернеттің жылдамдығын арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұның барлығы – қашықтан оқытудың сапасын арттыру, оқушылар мен студенттерге қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жасалған жұмыстардың бірі.
Жаңа оқу жылынан бастап өңірде 58 мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшеді. Қаржыландырудың жаңа талабы мектептер арасында өзара бәсекелестік орнатып, материалдық базаны нығайтуға жұмсалатын қаржыны бала санына сәйкес біркелкі бөлінуіне ықпал жасайды деп күтілуде.
Ақзира Қасымова, облыстық Білім басқармасының басшысы:
-Қазі ргі 222 мектепті біз қашықтан оқытамыз деп шешіп отырмыз. Дайындық жұмыстары басталып кетті. Қазір балалар мен мұғалімдер осы сабақтарды өткізіп, платформалармен жұмыс жүргізуде.
Биылғы оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарына «Құңдылықтарға негізделген білім беру» жобасы да енгізіледі. Ал балаларға патриоттық тәрбие беруде жаңа оқу жылында 53 инновациялық мектепке факультативтік негізде домбыра сағаттары бөлінетін болады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов