Гүлшара Әбдіқалықова БАҚ өкілдерімен кездесті
ҚР Конституциясының 25 жылдық мерекесі қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова БАҚ өкілдерімен кездесті. Басты мақсат – ел ішіндегі өзекті мәселелерді біліп, шешу жолдарын талқылау.
Пандемия кезінде журналистика саласы ең маңызды мамандықтардың бірі екенін тағы бір дәлелдеді. БАҚ өкілдерімен кездесудегі алғы сөзін осылай деп бастаған аймақ басшысы коронавирустың келесі кезеңіне дайындық барысын тілге тиек етті.
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
- Дәрі-дәрмектің резерві болу үшін 350 млн теңге қаржы қаралып отыр. 21 инфекциялық және провизорлық объекті дайын тұр, сондай-ақ 3 мың төсек-орын болады.
Карантиндік шектеулерден кейін дағдарысқа қарсы облыстық жоспар бекітілді. Жақын күндері Арал ауданында кальцийленген сода, Қызылорда қаласында шыны пластик құбыр шығаратын зауыт, Жаңақорғанда күн электр станциясының құрылысын бастау көзделген. Журналистермен жүздесуде өңірдегі осындай ілкімді істерді жайып салған Гүлшара Әбдіқалықова қаламгерлердің ұсыныстарын да тыңдап, өзекті сұрақтарға жауап берді.
Қуат Шарабидинов, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы:
- Журналистердің де қоғамдағы рөлі, олардың ұсыныс пікірлерінің билік тарапынан тыңдалуы жұмысты алға қарай жетелеп, елге өзіндік бір пайдасымен, жақсы мүддесімен келеді деген сенімдеміз.
Басқосуда жаңа оқу жылына дайындық, жылу маусымы мен егінге су жеткізу секілді аймақ үшін өткір тұрған мәселелер де қаузалып, бұл бағытта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар айқындалды. Өз кезегінде аймақ басшысы өңірдегі оң өзгерістер мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, мақсатты жүзеге асыру үшін ашықтық пен жариялылыққа дайын екенін жеткізді
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов