Қарағанды облысында кеншілерге құрмет көрсетілді
Алайда пандемияға байланысты биыл бірінші рет Қарағандыда мәдени шаралар ұйымдастырылған жоқ. Дегенмен еңбек майталмандарының ешқайсысы да ескерусіз қалмады. Басшылық тосын сый жасады.
Көмірсіз өмір жоқ. Себебі елімізге қажетті электр қуатының 75% өндіріп отырған жылу энергия орталықтары түгелдей қатты отын жағады. Ал химия мен металлургия өнеркәсібі үшін Қарағанды көмірі таптырмас шикізат. Тіпті біздің өнім көршілес елдерде де үлкен сұраныста екен.
Григорий Презент, көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері:
- Қарағанды көмірін бірден ажыратамын. Донецк көмірі ұсақ әрі жылтыр болып келеді. Ал біздікі ірі, оған қоса майлы болады. Магнитогорскідегі металлургиялық зауыт Қарағанды көмірі болмаса, жұмысын тоқтатар еді. Себебі біздің отынның өз ерекшеліктері бар.
Қара алтынды қыр басына шығару үшін қыруар еңбек жасайтын кеншілер қауымы биыл кәсіби мерекелерін кең көлемде атап өте алмады. Дегенмен басшылық еңбек майталмандарын шахтаға келіп құттықтап, үздіктеріне сыйақы берді.
Жыл аяқталмай жатып өңірдегі үш бірдей шахта 1 млн тоннадан көмір өндірген. «Бұл – кеншілердің ерен еңбегінің жемісі», – дейді департамент басшысы. Індет өршіген кезде жүздеген адам ауырып, әр ауысымға түсетін жүктеме екі есеге ұлғайған.
Андрей Черномаз, кәсіпорынның Көмір департаментінің директоры:
- Карантин кезінде кәсіпорын жұмысы тоқтап қала ма деп қауіптендік. Індет жұқтырғандар саны күн санап өсіп жатты, ал шахталардағы жұмысшылар қатары күрт азайды. Бірақ өте ұйымшыл, жұмысына адал кеншілер қауымы бұл қиындықты да жеңіп шықты. Көмір өндірісін еш кемітпеді.
Ең бастысы соңғы 4-5 айда өндірісте бірде-бір апатты жағдай тіркелмеген. Дей тұрғанмен, кеншілер еңбегі қашан да қауіпті. Мәселен, соңғы 20 жыл ішінде жүздеген адам шахтада көз жұмған. Сондықтан болар, қазір шахтер болғысы келетін жастар азайған. Еңбек етіп жатқандардың басым бөлігі – егде тартқан азаматтар. «Жас буынды ауыр еңбекке баулу үшін әуелі кеншінің мәртебесін көтеру керек», – дейді олар.
Тихон Плетнев, Костенко атындағы шахта үңгушісі:
- Қазір кеншілерге деген құрмет азайып кетті. Осы күні еңбек адамынан менеджердің жұмысы жоғары бағаланады. Өкінішті, әрине. Жеңілдіктің бәрінен қалдық. Зейнет жасын да ұзартып жіберді.
Мамандардың айтуынша, Қарағанды шахталары әр жыл сайын шамамен 200 метрге тереңдей түседі екен. Ал ұңғымалар жүздеген шақырымға созылып жатыр.
Игорь Панзин, Костенко атындағы шахта учаскесінің кен шебері:
- Шамамен 700 метр жер астына түстік. Тереңдеген сайын көмір қабатын ұстап тұратын тіреуіштерге көп салмақ түседі. Тек содан ғана қауіптенеміз.
Қазір Қарағанды облысында барлығы сегіз шахта бар. Онда он мың адам еңбек етуде. Ал жер астындағы көмір қоры әлі бірнеше жылға жетеді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев