1991 жылы 29 тамызда Семей сынақ алаңы жабылды
Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасының бұл көреген шешімі күн өткен сайын жасампаздығын көрсетіп келеді. 40 жылда 456 жарылыс болып, 1,5 млн адам зардап шекті.
Қазір аумағына Израиль, Словения сияқты мемлекеттер сыйып кететін, бұрынғы полигон аумағының 70% зерттелген. Келесі жылы бұл жұмыстарды толық аяқтау көзделіп отыр.
«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсенді мүшесі болған Арқалық Ағыбаев үшін тамыздың 29-ы – ерекше күн. Балалық шағы Дегелең тауының етегіндегі Қайнар ауылында өткен ақсақал туып-өскен өлкесінің астаң-кестеңі шыққан жылдарды қасіретпен еске алады. 1954 жылы полигонмен іргелес Абыралы өңірінің тұрғындары күштеп, өзге мекендерге көшіріліпті.
Арқалық Ағыбаев, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының мүшесі:
- Абыралы ауданы жұртшылығының көпшілігі Жарма, Аягөз, Шұбартау, Қарағанды облыстарына көшірілген болатын. Сол алты жаста болған оқиға әлі есімде. Біз Жарма ауданы, Скотовод совхозына көшірілдік. Ол кезде қоштасып жылаған ақсақалдарды да, азаматтарды да өз көзіммен кино көргендей болдым. Кеңес Үкіметі шешті, бәрі заңды дүние болып көрінетін.
1988 жылдан бастап антиядролық қозғалыс белсендісі ретінде шерулерге қатысып, әлем халқына үндеу тастаған ардагер 20 жылдан бері өзі де ауыр дертпен күресіп келеді. «Елбасының халықты 40 жыл қан қақсатқан полигонды жабу туралы шешімі елдің болашаққа деген сенімін күшейтті», – дейді ол.
Арқалық Ағыбаев, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының мүшесі:
- Полигонның зардабын әр отбасы сезді. Нұрсұлтан Әбішұлы полигонды жабу, ядролық қарудан бас тарту секілді мәселелерді көтеріп, соны іске асырды. Оған халық риза.
Өңірге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбаевтың ұйытқы болуымен осыдан 11 жыл бұрын Абыралы – Дегелең қоғамдық қоры құрылды. Қор негізінен ядролық сынақтан зардап шеккен тұрғындарды әлеуметтік-экономикалық қолдау бағытында жұмыс істеп келеді. Бірнеше тарихи кітаптың жарық көруіне де жәрдем берді. Қор мүшелерінің пікірінше, бұрынғы сынақ алаңынан зардап шеккен халықты әлеуметтік жағынан қорғайтын арнайы заңды күшейту керек.
Марат Құрманбаев, ШҚО мәслихатының депутаты:
- Бүгінгі таңда полигон туралы заң 1997 жылдан бері істемейді. Соны біз әрбір іс-шарада көтеріп, министрлік, Президентке дейін жаздық. Болашақта өзгерістер енгізсек дейміз.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Өкінішке қарай әлемдегі ядролық қаруы бар державалар әзірге қазақ елінің бейбітсүйгіш жолымен жүруден тайсақтап отыр. Дегенмен 40 жыл осы зұлмат қарудан зардап шеккен Ұлы дала елінің ұрпақтары Абай айтқан өсиетке берік ұстаныммен келе жатыр. Ол – адамзаттың бәрін бауырым деп сүйіп, ізгілік жолын таңдау.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы