Қасым-Жомарт Тоқаев: Ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес
Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін арзан несиенің болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Президент өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфарқұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керектігін айтты. «Қазақстанда бидай, майлы дақылдар, ет, жеміс-жидек, қант, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі эко-жүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығын да арттырудың маңыздылығы зор. Ал жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Қазір басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар шын мәнінде өлместің күнін көріп отыр. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағалануда. Есесіне алып-сатарлар байып жатыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдараламасы аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажеттігін тапсырды. Тағы Президент жеріміз шетелдіктерге сатылмайтындығы қадап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның дамымауы – осы саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шешімдер қабылдануы керек.