Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алады
Қаңтардан бастап зейнетақы қорының салымшылары жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға пайдалана алады. Президент Жолдауында осындай тапсырма берді.
Бірақ бұл салымшылардың бәріне бірдей қатысы жоқ. Тізімге тек 700 мың адам ілінеді. Сондай-ақ бірқатар мамандықтың жалақысы артып, еңбектеріне үстемақы төленбекші.
Президенттің өткен жылғы Жолдауында елді елең еткізген бір бастама болып еді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың зейнетақы жинақтарын белгілі бір мақсатқа пайдалануға рұқсат беру керектігін көтерген. Артынша жұмыс тобы өздерінің ұсыныстарын жария етті. Жасыратыны жоқ, олардың талабы қарапайым халықты қуанта қоймады. Өйткені қаржыны алу үшін жинағыңызда 6 млн теңгеден кем болмауы тиіс екен. Ал біздегі салымшылардың жартысынан көбі 1 млн теңге де жинап үлгермеген. Президент бұл мәселені тағы да пысықтауды тапсырды.
Мақсат Халық, экономист:
- Егер шегіне келетін болсақ, әрине табысы жоғарылар мүмкіндік алады, ал табысы төмен азаматтар онсыз да үй ала алмай жүр және ол ақшасын шеше де алмайтын болады. Сондықтан осы мәселені көтеру керек деп ойлаймын. Кем дегенде 3 млн теңгенің қоры болса, ақшаны шешіп алуға мүмкінідк берейік деген ұсыныс айтқан болатынмын.
Пандемия кезінде елімізде жұмыссыздар саны сегіз есеге көбейіпті. Халық банк алдында қарызға батып барады. Мәселен, биыл ел азаматтарына төрт трлн теңгеден аса несие берілген. Бірақ осыншама соманы халық кәсіп ашуға немесе тұрғын үй алуға емес, тұрмыстық қажеттіліктерге рәсімдеген. Енді елімізде несие саясатын реттейтін арнайы комитет құрылады. Оңды-солды несие беру тоқтайды.
Зарема Шәукенова, Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
- Тұтынушылық несие де болуы тиіс. Бірақ оны қай бағытта жұмсайсыз? Қазір білімділер заманы келеді. Елге білім керек. Яғни бұл несиенің алған адамға ертең қайтарымы болады. Өмірін жақсартуға түрткі болады. «Пандемия кезінде несиеге той жасау қажет пе?» деген қоғам арасында қызу пікірталас туғызды. Әрине, той біздің дәстүріміз. Бірақ біреуден қалмайын деп, қарызға батып, той істеу қате шешім деп есептеймін.
Демография саласында да жаңа саясат басталғалы тұр. Президент айтқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы – осының дәлелі. Енді бедеуліктің зардабын тартып жүрген отбасыларға жыл сайын 7 мың квота беріледі. Мұндай жаңалықты тіпті репродуктологтардың өзі күтпеген тәрізді.
Салтанат Байқошқарова, биология ғылымдарының докторы:
- Негізі бұл мәселе бірнеше рет басшылардың алдына қойылған болатын. Бірақ тура осылай жеті есе көбейтіп береді деп күткен жоқпыз. Кезекте тұрғандардың бәріне көмектесуге мүмкіндік туды деп ойлаймын. Бұрын квотаға кезекке тұрғандарда «бәрібір ала алмаймыз» деген сенбеушілік болды. Енді мүмкіндік арта түседі.
Баланы дүниеге әкелген соң, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бар. Бірақ бізде күн құрғатпай балаларға зорлық-зомбылық көрсету дерегі тіркеліп отырады. Президент: «Мұндай қылмыскерлер қатаң жазалануы керек, рақымшылыққа ілінбеуі тиіс», – деді. Бірақ өкініштісі бізде заңға шорқақ, үкім шығаруда өрескел қате жіберетін мамандар әлі бар.
Айман Омарова, құқық қорғаушы:
- Мысалы кейбір төрешінің білімін, білімсіздігін көріп шошисың. Сол үшін «Мына кісі сот болғалы отыр, қалай ойлайсыздар? Неге мына кісіні алдық, ал мына кісіні алған жоқпыз?» деген таңдау болып, бәрі ашық жүргізілуі керек.
«Пандемия бізге ақ халаттылардың еңбегін қалай бағалау керектігін ұғындырды» деді Президент. Ол рас. Екінші жартыжылдықта олардың жұмысына тағы үстемақы төленетін болды. Бір кездері мемлекет назарынан тыс қалған медицина қызметкерлері енді ең көп жалақы алатын мамандар қатарында болады. Ал 2023 жылға қарай олардың айлығы орташа жалақыдан екі есе көп болады. Мұғалімдердің жалақысы да артады. Сосын қажетті функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасы әзірленеді. Әйтпесе бір WhatsApp бағдарламасымен білім беру мүмкін болмай тұр. Президент жаңашыл педагогтардың санын арттыру керек деп отыр. Керісінше мемлекеттік қызметкерлердің қатары азаяды.
Айгүл Соловьева,«Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ төрайымы:
- Пандемия кезеңі бізге қандай мамандардың қажет екенін, қай салада басы артық мамандардың бар екенін көрсетіп берді. Расымен де, санға емес, сапаға мән берер кез келді. Ауыр соққыға тап болған экономикамызды қалпына келтіру үшін мемлекеттік құрылымды қайта қарастырған жөн.
Қазір әлем соңғы жүз жылда болмаған дағдарысты бастан өткеруде. Ал экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде бес жылдай уақыт қажет. Президент тапсырмасына сай пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Зайнұр Байжігіт, Диас Қобланбаев