Отандық бизнесті қолдауға арналған құқықтық-нормативтік база әзірленеді
«Сондықтан біз реформаларға тың серпін беруіміз керек», – деді Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында.
Президент бұл бағытта атқарылатын іс-қимыл жоспарын бекітіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Экономиканың барлық саласын қамтитын маңызды құжат туралы мамандардың пікірі қандай?
Қазір шағын кәсіп иелерінің 95% мемлекет қолдауына мұқтаж. Мәселен, елдегі бизнесмендердің 80% кірісі азайып, соның 30% мүлдем табыссыз қалған. Бұл – экономиканың осы секторына зерттеу жүргізген мамандардың мәлімдемесі. Осыған орай Мемлекет басшысы өз Жолдауында отандық кәсіпкерлікті қолдаудың бірнеше тетігін ұсынды. Шағын және орта бизнес жұмысын жетілдіретін жаңа құқықтық-нормативтік база әзірлеуді тапсырды, әрі салық жүйесіне және ақша-несие саясатына реформа жасау керектігін айтты. «Бұл – дер кезінде қабылданған шешім», – дейді кәсіп иелері.
Гүлнар Құрбанбаева, «Қарағанды облысы азаматтық альянсы» ЗТБ президенті:
- Мемлекет басшысы айтқан реформаларды жемісті жүзеге асыру үшін бизнес өкілдері де барынша белсенді болуы керек. Бірақ бірінші кезекте, жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігін арттыру қажет. Осы орайда Президенттің мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесін түбегейлі өзгерутуді тапсыруы тегін емес. Бұл келешекте отандық кәсіпкерлікті дамытып, жемқорлықты азайтуға ықпал етері сөзсіз.
Ауыл шаруашылығында да шешімін таппаған өзекті мәселелер жеткілікті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Агроөнеркәсіп саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын. Шаруаларға ұзақ мерзімге берілетін арзан несиенің болмауы мен субсидияның кешіктірілуі ауыл еңбеккерлерінің тірлігін ширатуға қолбайлау болуда. «Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де – осы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыру керектігін тапсырды.
Шәріпбек Жамалбеков, «Түркістан облысы азаматтық альянсы» ЗТБ президенті:
- Егер ауыл шаруашылығын өнімін өндіруші, мейлі ол, ет, сүт, жұмыртқа, басқа да өнімдерді өндіретіндерге субсидия уақытында жетіп отыратын болса, кейін айналымға қажетті қаржымен көмектессе, тауар өндіріп жатқан және оны өңдеп жатқан азаматтарға көмектесетін болса, үлкен тірлік болатын еді. Бұл министрліктің тірлігі ме, әлде Үкіметтің жұмысы ма, осыған жете мән беріп, зерттеп, осы салаға бөлінетін қаржы шаруаларға тисе екен дейміз.
Ал Жамбыл облысында 98 мың гектардай суармалы жер тиімді пайдаланылмай отыр. Су жүйелерінің 44% тозған. Биыл біраз бөлігі қайта жаңғыртылып, 25 мың гектар суармалы жер сумен қамтылған болатын. Бірақ бұл – жеткіліксіз. Сарапшылар: «Мәселе тек жаңа технологияны енгізумен ғана шешілмейді», – деп отыр. Бұл бағытта ғылыми тұрғыда нақты жобалар әзірленіп, инвестициялық мүмкіндіктерді пайдалану керек деп санайды.
Парида Мамедова, ҚХА кафедрасының меңгерушісі:
- Инвестицияларды пайдаланып, ғылымның қатысуымен жаңа жобалардың нәтижелері аясында біз өзіміз ауыл шаруашылығын дамытуымыз керек. Қырғыз еліне тәуелдіміз. Соның өзінде келе жатқан судың өзі рационалды түрде пайдаланылмайды. Сол себепті не істеуіміз керек? Менің пікірім тек суды тамшылатып қана пайдаланбай, оның тағы бір жаңа тәсілдерін қарастыру керек. Оның тәсілдері әрине адамдардың біліміне тәуелді. Сондықтан жастарымыз өз көңілдерін осы ауылшаруашылыққа бөлу керек.
Солтүстік қазақстандық қоғам белсенділері Президентке тікелей бағынатын агенттіктердің құрылатынына қуанышты. Себебі бұл бірінші кезекте монополистер тарапынан орын алатын заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға жол ашпақ. Нақтырақ айтсақ, әңгіме газ және энергетика жайында. Өңірдегі қоғамдық бірлестіктің төрағасы Руслан Асаубаевтың айтуынша соңғы кездері монополистермен жұмыс істеу тіптен қиындап кеткен. Оған себеп ашықтық жоқ. «Оның үстіне тариф бекітуде де біршама түсініспеушілік бар», – дейді ол.
Руслан Асаубаев, қоғамдық бірлестіктің төрағасы:
- Петропавлда бір литр газдың құны – 72 теңге. Ал көрші Ақмола және басқа да өңірлерде оның бағасы әлдеқайда төмен. Монополистер осы сұйық отынның бағасын 15% көтергілері келгенде, біз бұл салада бірнеше делдал бар екенін анықтадық. Неліктен жағдай осындай екені әлі түсініксіз. Сондықтан бұл жүйені зерттейтін уақыт келді.
Жолдауда айтылған реформалар экономиканың барлық саласына тың серпін береді. «Бағыт-бағдар айқын, енді тек нәтижелі жұмыс керек», – дейді қоғам белсенділері.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Жандос Жұмабек, Самат Қайырденұлы, Руслан Бақытбек