721 мың адам зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланады
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. Десе де «Ол тізіміге енетін азаматтар кімдер және қорында қанша қаражат болуы тиіс? деген басты сұрақ әлі жауапсыз қалып отыр. Сондай-ақ бұған дейін ипотекаға баспана алғандар да осы қаражатқа қол жеткізе ала ма, әлде бұл енді үй алатындар үшін ғана берілетін мүмкіндік пе?
Айта кетейік, бұған дейінгі талқылауларда жинағы жеткілікті шектен асатындар ғана қордағы қаржының бір бөлігін пайдаланатыны айтылған. Мәселен, отыз жастағы азаматта 6 млн-нан астам қаражаты болуы тиіс еді. Елімізде ондай 113 салымшы ғана бар екен. Соңғы түзетулерден соң тізімдегі адам 700 мыңнан асатындығы белгілі болды. Кей отандық сарапшылар, жинақ шегін 3 млн теңгеге дейін төмендету қажет деп санайды.
Мақсат Халық, экономист:
- Менікі тым асыра сілтеу болса, онда бұл мәселені нақты екі жақты шешейік, деңгейді түсірейік. Неге 30 жас? Жас ерекшелігі де көп рөл ойнайды. Ол азамат ақшасын шешіп алса да, қартайғанға дейін тағы да жинап үлгереді емес пе?!