Зейнетақы қорындағы қаржыны кімдер ала алады?
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. Зейнетақы жинағы бар, еңбекке жарамды жастағы азаматтар мен зейнетке шыққандар жинаған ақшасының бір бөлігін пайдалана алады. Ең бастысы болашақта зейнетақы алу үшін қорда жеткілікті мөлшерде қаржы қалуы тиіс.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ақшаны алу үшін шотта қанша қаржы болу керегін жіліктеп жеткізді. Бірақ бұл санатқа салымшылардың тек 6% астамы ғана кіреді екен.
Риат Шони, тілші:
- Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда баспанаға аса мұқтаж 500 мыңнан астам адам бар. Бұл – үй кезегінде тұрған отандастарымыз. Ал әкімдіктерде тіркелмегендер бұдан да көп екені анық.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы қорындағы ақшаны кім, қандай мақсатқа жұмсай алатынын айтты. Бұл – мемлекет басшысының тапсырмасы. Атап айтсақ, қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жарналарының бір бөлігін баспана, жер алуға немесе үйді кеңейтуге, жөндеу жасауға пайдалана алады. Бұған қоса кез келген бағдарлама бойынша ІІ деңгейлі банктерде ипотекалық займдарды өтей аласыз.
Зейнетақы жарналарын пайдаланып, алынған үйді тек бес жыл өткеннен кейін ғана сата аласыз. Тағы бұл қаржыны өзіңіз немесе жақындарыңыз емделу үшін де ала алады. Отбасы мүшелерінің шотындағы ақшаны біріктіру мүмкіндігі де қарастырылған.
Ресми мәліметке сай елде 11 млн 550 мың зейнетақы салымшысы бар. Енді Біржан Нұрымбетов осының 530 мыңы жарналарының бір бөлігін ала алатынын айтты. Тағы 178 мыңнан астам зейнеткер осы жарналарының 50% дейін ала алады.
Жалпы өз салымдарыңызды алу үшін 30 жастағы қазақстандықтың шотында кем дегенде 2 млн 518 мың теңге болу қажет. Жас ұлғайған сайын қажетті сома да өсе береді:
- 30 жас – 2 млн 518 мың тг
- 35 жас – 2 млн 961 мың тг
- 40 жас – 3 млн 437 мың тг
- 45 жас – 3 млн 947 мың тг
- 50 жас – 4 млн 495 мың тг
- 55 жас – 5 млн 84 мың тг
- 59 жас және жоғары – 5 млн 586 мың тг
Бұл жерде түсіндіре кететін бір жайт бар, егер сіз зейнетақы қорынан ақша алам десеңіз, шотыңызда осындай сома қалып отыру керек. Мәселен, сіздің жасыңыз 35-те дейік. Зейнетақы қорында 4 млн теңге ақшаңыз бар. Сіз соның тек 1 млн 39 мың теңгесін ала аласыз. Сонда шотыңызда шектік 2 млн 961 мың теңге қалады. Енді мұның барлығы 2021 жылдан бастап қана жүзеге асырала бастайды.
18 бен 29 жас аралығындағылардың шотында қанша қаржы болу керектігі айтылмады. Тағы министр ақшаны білім алуға жұмсауға бола ма жоқ па, ол жайлы да ештеңе демеді.