Таразда «Нұрлы жер» аясындағы тұрғын үй салу жұмыстары тоқтап тұр
Жоба басталғалы дәл осы бағыт бойынша санаулы ғана адам баспаналы болған көрінеді. Қазір бұл жұмыстар мүлдем ілгерілемей тұр. Тіпті биыл бірде-бір үй тұрғызылмапты. Баспана мен жер кезегінде тұрған азаматтар саны күн санап артып барады. Жер кезегіне 10-15 жыл бұрын тұрып, кезегі жеткен тұрғындар заңды жерлерін ала алмай, сенделіп жүр.
Жеке үй салу үшін бір жапырақ жерге қол жеткізе алмай жүргендердің бірі – Эльнар Рысбекұлы. Қала тұрғыны 2011 жылы кезекке тұрған. Содан бері телімін күтіп телміріп жүр.
Елнар Рысбекұлы, Тараз қаласының тұрғыны:
- Күтіп жүргенімізге тоғыз жылдан асты. Осы қағазбен әлі жүрміз. Жер кезегін білейік деп барсақ, сол тұрған бойы тұр, жылжымайды. Әлі ешкімге берілмеген.
Қазір Таразда 2011 жылы емес, 2006 жылы кезекке тіркелгендер жер ала алмай жүр. Бүгінде 17 мың адамның кезегі келіп тұр. Бірақ берілетін жер жоқ. Заңға сәйкес инфрақұрылым тартылмай, жер берілмейді. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін азаматтардың барлығы бірдей жоба шарттары мен талаптарына сәйкес келмейді.
Нұржан Бекежанов, қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы:
- 11 935 азаматқа хабарлама жіберген едік. Оның ішінде тек 488-і ғана қатысамын деп өтінім берді. Оның ішінде тек 38 азаматтың өтінішін Құрылыс жинақ банкі қабылдады. Көбін таппай жатырмыз. Ал оны тастап кетіп, келесіге өтейік десек, прокуратура оған қарсылық, наразылық білдіреді. Ол кісі алмайтын болса, жазбаша түрде бізге ескерту керек.
«Нұрлы жер» бағдарламасының жеке меншік құрылыс бағыты бойынша Тараз қаласының аумағынан 29 гектар жер бөлінген. Бірақ бұл жердің басым бөлігі бүгінде бос тұр. Жоба басталғалы бар-жоғы 47 үйдің құрылысы жүргізіліп, 20-сы ғана берілген. Ал жер мен үйге деген сұраныс артып барады.
Төлеген Бибосынов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бұл жерде 255 үйге бөлінген жер қорын бүгінде күнге игере алмай отырмыз. Себебі бір шаршы метрге бөлінген 120 мың теңге жетпей жатыр. Егер сол қаржының көлемін ұлғайтса, бұл бағдарлама әрі қарай жүріп кетер еді деп есептейміз.
Қалалық құрылыс бөлімі басшысының айтуынша, бар мәселе мердігерлерге тіреліп тұрған көрінеді. Кезінде үйді салуға келіскен компаниялар жарты жолға келгенде құрылысты тоқтатып тастаған. Оны нарық бағасының өсуімен байланыстырып отыр. Енді тараздықтар жер кезегін 15 жыл күтіп, «баспанаға қол жеткіздім» дегенде қымбатшылыққа ұрынатын түрі бар. Әкімдік өкілдері проблеманы бағаны көтеру арқылы шешпек. Олар жаңадан салынатын үйдің шаршы метрін 160 мың теңгеге көбейтуді ұсынып отыр. Айтуларынша сонда ғана мердігерлер құрылысты жалғастыруға көнетін көрінеді.
Ал сарапшылар: «Бір ғана бағаны көтерумен мәселе шешілмейді», – деп отыр. Қайта керісінше әлеуметтік қиындықтар туғызуы мүмкін.
Ерғали Ахметов, сарапшы:
- Нарықтық заманға өте жоғары бағамен қойылып жатыр. Енді «Нұрлы жер» бағдарламасымен мердігерлер үй салды. Бірақ халықтың мүмкіндігі оны көтермейді. Керісінше бағаны төмендету керек.
Таразда жеке тұрғын үй салуға берілетін жер мәселесін бір жүйеге келтіру қажет. Бұл үлкен проблемаға айналып барады. Қалалық жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында жер ауқымды көлемде 2003 жылы ғана берілген. Ол уақытта 1300 адам жер телімін алған көрінеді. Одан бері тек 2017 жылы ғана жер 400 адамға үлестірілген. Ал биыл Тараз қаласы бойынша бірде-бір адамға жер телімі берілмеген. Қазір кезекте тұрған адам саны 70 мыңнан асып барады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев