Арқалықтағы тау-кен өндіретін кәсіпорын жұмысын тоқтатты
Өндіріс ошағында боксит қоры толық сарқылған. Осыған байланысты кеншілер енді басқа жұмыс іздеуге мәжбүр. Оларды Қостанай облысындағы өзге кен орындарына вахталық әдіспен орналастыру ұсынылған. Алайда көпшілігі одан бас тартып отыр.
Жұмысшылар бір ауыздан Арқалық маңындағы кен орнын игеру қажеттігін айтады. Тіпті бизнес-жоспар да әзірлеген. Енді басшылықтың жауабын күтіп отыр. Ал жергілікті әкімдіктегілер «бәрі жұмыс орнымен қамтылады» деп сендірді. Осы мақсатта бос орындар жәрмеңкесін де өткізген. Оның көмегі болды ма?
«Торғай боксит кеніші жабылады» деген әңгіме ел аузында бес жыл бұрын шыққан. Сол кезде кәсіпорынның шикізат қоры 2021 жылы толық сарқылады деп болжамданған. Өкінішке қарай, өндіріс мәжбүрлі түрде биыл тоқтады. Ал қазан айының ортасында жұмысшылар ұжымы таратылатыны белгілі болды.
Манарбек Нұрмаған, Торғай Боксит кеніші басқармасының директоры:
- Экономикалық ахуалдың нашарлауына, әлемдік нарықтағы сазбалшық бағасының түсуіне байланысты осындай шешім қабылданды. Қазіргі таңда 261 адам үш айлық іркілісте, ал 97 адам жұмыс істеп жатыр. Қалғаны еңбек демалысында.
Өндіріс ошағы үш жыл бойы шығынға батып келеді. Мұнда 500-ге жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорын істемей тұрған кезеңде кеншілерге жалақысының жартысы төленіп келді. Басқа облыстардан вахталық әдіс бойынша жұмыс орны ұсынылғанымен, көбі келіспеген көрінеді.
Оңдасын Әбілтаев, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Мен осы жерде туып өстім. Қайда барамын? Біздің жасымыз келіп қалды. Баяғы жас кезде астанаға бармаған, енді қайда барамыз?
Оңдасын Әбілтаевтың әріптестері сияқты Жұмыспен қамту орталығын жағалап жүргеніне біраз болды. «Онда ұсынылған бос орындар көңілімізден шыққан жоқ, жалақысы да аз», – дейді. Өз мамандығы бойынша орналасуды қалайды. Сол себепті қала маңындағы басқа кен орнын игеруді талап етіп отыр.
Арыстан Бірәлі, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Барлау бойынша осы қаладан 15 шақырым жерде Үштөбе кен орны бар. Онда 30 жылға жететін қор бар. 600 адамның ешқайда кетпеуіне, жұмыс істеуіне, қаланың жандануына көмектеседі.
Компания басшылығы кеншілердің бизнес-жоспарын құп көріпті. Қазір тиімді тұстарын зерттеу үстінде. Ал әкімдіктегілер болса: «Ешкім жұмыссыз қалмайды», – деп сендіріп отыр. Жақында бос орындар жәрмеңкесін өткізіпті.
Қайрат Әбішев, Арқалық қаласының әкімі:
- 153 вакансия ұсындық. Оның ішінде 30-40 жүргізуші болды. Өйткені бізде «Аллюминстрой» ЖШС бар. Онда 25 үлкен ауыр жүк көліктері тұр. Бізде шаруалар бар қалада тұратын жүргізушілер, экскаваторшылар керек. Жаңадан ТЭЦ, бордақылау алаңы салынып жатыр.
Жәрмеңке нәтижесінде 68 адамға жұмыс табылған. Тағы 100-ге жуық кенші Рудный, Лисаков қаласында вахталық әдіспен істеуге көнген. «Қалғандары үшін бірнеше бос орын жәрмеңкесі ұйымдастырылады», – деп айтты қалалық әкімдік.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров