ШҚО-да мас жүргізуші төрт баланы қағып кетті
Осыдан бірнеше күн бұрын Жаңа Шүлбі кентінде мас күйінде рөлге отырған азамат көлігімен төрт бірдей бүлдіршінді қағып кеткен болатын. Тәртіп сақшыларының айтуынша ол жолда келе жатып, кенеттен бағытын жоғалтқан. Сөйтіп жол жиегінде жүрген бірнеше баланы соғып барып тоқтаған. Жол көлік апаты Бородулиха ауданындағы Жаңа Шүлбі кентінде кешкі 19:00 шамасында болған. Оқиға орнында 5, 10, 11, 12 жастағы төрт бала зардап шекті. Бірі жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Полиция көлік руліндегі азаматтың мас болғанын растады.
Сағат Мәдиев ШҚО ІІД бастығы:
- Қазіргі уақытта Mitsubishi көлігінің жүргізушісі Бородулиха ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында қамауға алынды. Адам өліміне әкеліп соққан жол көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қалған балалар түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. «Олардың арасында біреуінің жағдайы ауыр», – дейді мамандар. Жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршіннің өмірін ажалдан арашалап қалу үшін қазір дәрігерлер барын салуда.
Жалпы биылдан бастап елімізде жолда жүру тәртібін бұзғандардың жазасы күшейтілді. Қылмыстық кодекстегі өзгерістерге сәйкес жол оқиғасы адам өлімімен аяқталған жағдайда оған кінәлі адам жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бас прокуратураның мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген 30 мыңнан астам жүргізуші анықталады екен. Ал Шығыс Қазақстан өңірінде мас күйінде көлік тізгіндеу оқиғалары жиілеп, жыл басынан бері 1040 дерек тіркеліпті.