Жасөспірімдер арасында «24 сағат бойы жоғалып кету» қауіпті челленджі пайда болды
Ал қайғыдан қан жұтқан ата-анасы дабыл қағып, құқық қорғау органдарын түгел аяғынан тік тұрғызады. Тек елорданың өзінде аптасына 5-6 рет «бала жоғалды» деген қоңырау түседі екен.
Жоғалу фактісінің бәрі бірдей осындай сценариймен болады деген сөз емес. Елімізде 35 жылдан бері іздеуде жүрген балалар да бар екен. Ата-аналары олардан небәрі 3-4 жасында көз жазып қалған. Жоғалған баласының өзін емес, өлі денесін тапқан отбасылар қаншама?! Расында да балалар көбіне қандай себеппен жоғалады? Ата-аналардың қателігі неде?
Шынар Асанқызы, тілші:
- Мына суреттегі балалар туралы ақпаратты біз Бас прокуратураның арнайы сайтынан алдық. Алды 35 жыл, соңы 5 жыл бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен. Айтуарова Дильназ жоғалған кезінде 5 жаста болған екен. Содан бері 13 жыл өтіпті. Дидардың да жоғалғанына 23 жыл. Тірі болса, 28-ге келуі тиіс. Бірақ олар туралы бүгінге дейін бір де бір мәлімет жоқ.
Әлеуметтік желіде баласын іздеп, боздаған ананың жанайқайы естіген жанның төбе құйқасын шымырлатты. 9 жасар Месут тапа-тал түсте үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Қайда кеткенін ешкім білмейді. Суыт хабар тараған бойда 250-дей адам іздеуге жұмылды. Тау-тастың түгін қоймай шарлап шықты. Сөйтсе, бала ата-анасына ескертпей, бұрынғы көршісінің үйіне барып түнеген екен.
Ал өткен қыста аяқ астынан жоғалып кеткен Бағдәулет Өмірхан есімді жеткіншекті үш күн бойы елорда ғана емес, бүкіл ел болып іздеді. Өкінішке қарай оның денесі үйінен таяқ тастам жердегі құдықтан табылды. Әкімдік қараусыз қалдырған бес метрлік кәріз құдығының түбінде бала үш күн бойы жатыпты.
Қазақстанда жыл сайын жүзден аса баға жоғалады. Мамандар балалардың ең көп жіберетін мынадай қателіктерін тізіп шығыпты. Олардың 85% ата-анасының телефон нөмірін жатқа білмейді. 75% екінші рет көріп тұрған адамын жақыны санайды. Сосын балалардың көпшілігінде «тек бетперде киіп, қару ұстағандар ғана қылмыскер» деген түсінік бар. 70% бала үйдің кіреберісін, қалың ағашты қауіпсіз санайтындар да көп. Балалардың барлығы дерлік «мысығымды жоғалттым, іздеуге көмектес» деген кісіге еріп кете береді. 75% көршісіне, танысына оп-оңай есік аша салады. Ал балалардың бұл шалалығын өз пайдасына жарататын топтар да бар.
Зарина Жұмағұлова, балалар қауіпсіздігі орталығының басшысы:
- Мұндай топтардың өзіндік жұмыс істеу тәсілі бар. Олардың арнайы ақпараттық желісі жұмыс істейді. Балаларды өзіне қаратуға, оңай ертіп кетуге арналған методикалық амал-айлаларды қолданады. Түрлі видеоларды көрсетіп, өздеріне тартады. Ата-анасына ештеңе айтпауды үйрететін тәсілдері де бар. Мұндай оқиғаның алдын алу үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыру қажет.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 879 қылмыс тіркелсе, соның тең жартысы баланы ұрлау, жыныстық зорлық-зомбылық көрсетуге байланысты. Сосын қазақстандық балалардың 17% буллингтің құрбанына айналған. Сөз басында айтқан «24 сағат бойы жоғалып кету» дейтін челлендж – соның дәлелі.
Баланы педофилден, жоғалудан сақтаудың сан түрлі жолы бар. Ең дұрысы – біреу-ақ. Мамандар ата-ана мен бала арасындағы байланыс үзілмесін дейді. Өйткені әңгімелесуге уақыт таппайтын жұмысбасты ата-ананың баласы кез келген бөгде жанның соңынан еріп кетуі оңай.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Дәурен Жұрхабаев, Қанат Әбілдин