Қостанайлықтар мемлекетке өтетін жер үшін берілетін өтемақымен келіспейді
Бірақ тұрғындар үйлері мен учаскелері үшін берілетін өтемақы тым аз деп отыр. Олар бұл ақшаға басқа баспана сатып алу мүмкін емес екендігін айтады. «Сондықтан тиесілі ақысы төленбейінше, тұрғын жайымызды босатпаймыз», – деп бекініп отыр.
Қостанайда Тобыл өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы биыл басталды. Жоба бойынша оның ені 24,5, ал ұзындығы 250 метр. Көлік жолы төрт жолақты болып кеңейтілетіндіктен, жақын орналасқан үш үйдің жер учаскелері мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне алынады. Ол туралы үй иелері былтырдан бері хабардар. Бірақ бағалаушылардың тағайындаған өтемақысына олардың көңілі толмайды.
Надежда Панченко, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Менің үйімді дұрыс бағалаған жоқ. Мамыр айындағы бастапқы келісімшарт жобасында 8 млн теңге делінген. Ал 21 шілдеде бағасы кенеттен өсіп, 11 млн деп көрсетіліпті. Олар жобалап бағалай салған сияқты. Мысалы құжатта қабырға сыланған деп көрсетілген, ал шындығында үйдің сырты металлосайдингпен қапталған. Міне, осындай 20 шақты қателік таптым.
Нина Михайлова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Бұл – менің жерім. Бәлен жылдан бері баптап, өсірген 8 сотка жеміс-жидек, бау-бақшамды қалай құр бере саламын?! Көп сұрап жатқан жоқпыз. Басқа үй сатып алатындай 15 млн теңге төлесе ғана көнемін.
Осыған дейін тараптардың шағымы бойынша 2-3 сот отырысы болған. Әлі күнге бір жақты шешім жоқ.
Руслан Нұрмағамбетов, адвокаттың көмекшісі:
- Әкімдіктің сотқа табыс еткен бағалау қорытындысының қиыспайтын тұстары бар. Сондықтан қайтара бағалау сараптамасы өткізіледі.
Әлеуметтік маңызға ие көпір құрылысы үшін қажетті жер учаскесі мемлекет меншігіне өтетіндігіне ешкім шүбә келтірмес. Бұл жерде бар мәселе өтемақы көлеміне келіп тіреліп тұр.
Бақтияр Жұмабеков, Қостанай қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:
- Қалалық әкімдік бағалау қорытындысына әсер ете алмайды. Себебі сараптаманы тәуелсіз бағалаушылар жасайды. Ал онымен келіспесе, сот қайтара тауарлық сараптамаға жібереді. Соның есебі бойынша өтемақы тағайындалады. Ол бағадан артық біз ештеңе төлей алмаймыз.
4,4 млрд теңгеге бағаланған көпір құрылысы 2021 жылы аяқталуы тиіс. Ал жер дауының соңына қашан нүкте қойыларын дәл басып айту қиын. Келесі сот отырысы қыркүйектің 10-ына белгіленіп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг