Ақтөбе облысы шаруалары суармалы алқап көлемін арттырды
Өңірде төрт-түлік азығын даярлауда шаруалар жаңа технологияларға иек артқан. Нәтижесінде түсім көлемі 2,5 есеге артып, шығын азаяды.
Келер жылдан бастап облыс аумағында 40 мың гектар суармалы жерге жоңышқа, жүгері, бұршақ түрлері егілуі тиіс. Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында биыл бюджеттен 19 млрд теңге субсидия бөлінген. Ал қазір егін ору науқаны қызу жүргізілуде.
Қарғалы ауданының құнарлы жеріне дән себетін бұл шаруа қожалығы арпа мен бидайдан басқан бұршақ тұқымдас және майлы өсімдіктерді де егуді қолға алған. Егіс алқабының көлемі 22 мың гектардан астам. Сондықтан мұндай аумақты игеру үшін мемлекеттің қолдауымен 2,5 млрд теңге несие рәсімдеп, заманауи техника алған. Нәтижесі жемісті болғандықтан, шаруа қожалығы иесі келер жылы қосымша 6 мың гектар жерді игеруді көздейді.
Қайрат Мусин, шаруа қожалығының атқарушы директоры:
- 14 800 бидай ектік, арпадан 3 700 гектар ектік. Жұмсақ бидай 12, ал қатты бидай 17-18 ц болып тұр. Өткен жылмен салыстырғанда айырмашылық көп.
Сүтті сиыр өсіруді кәсіп еткен бұл шаруа қожалығы жаңа технологияларға иек артып, мал азығының түсімін бірнеше есе ұлғайтқан. Нәтижесінде қомақты қор жинап, артығын шетелге саудалауға мүмкіндік туып отыр. Жылына 12 мың тонна жоңышқаны сығымдап, тасымалдауға ыңғайлы түйірге айналдырады. Ал шөп алқаптарын суаратын құрылғыларды қарапайым смартфонның көмегімен басқаруға болады.
Аманғали Бердалин, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Биыл бізде 445 мың гектар жерге жазғы дақылдар егілген болатын. Соның бүгінгі таңда 55% жиналып, орылды. 13 мың гектар көкөніс пен картоп егеміз. Оның 40% жиналды. Суармалы жерді айналымға қосылуымен толық өзін көкөніспен қамтамасыз ететін жағдайға шығып жатырмыз.
Қазір Ақтөбе облысында күзгі егін ору науқаны тәмамдалуға жақын. Диқандар алдағы бір апта ішінде алқаптағы бидайды қырманға жеткізіп үлгереміз дейді. Түсім де көңілге қонымды. Орта есеппен әрбір гектар алқап он центнер дәнді-дақылдан беруде.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков