Түркістан облысында карантин кезінде ет өнімдеріне сұраныс төмендеген
Ал бұдан фермерлер мен ет өнімін өңдеушілер зардап шегуде. Сұраныс неге төмендеп кетті? Тұтыну көлемі азайды ма?
Бұл – Сайрам ауданында орналасқан шағын ғана шұжық шығаратын цех. Мұнда күніне 700-800 тонна шұжық өнімдері өндіріледі. Дайын өнімнің көпшілігі Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы сауда сөрелеріне жөнелтіледі. Карантин басталғалы сұраныс күрт төмендеп кеткен. Цех басшысы Ақылбек Шалқаров былтыр өндіріс орны жанынан үлкен ғимарат салған. Несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлапты. Алайда табысының азайып кетуіне байланысты ол ойын әзірге іске асыруға жүрексініп отыр.
Ақылбек Шалқаров, кәсіпкер:
- Күніне 5 тонна өндіруге болады. Ол үшін құрылғы алуымыз керек. Жылда жаңартып отырмыз. Жылдан-жылға қосылып келе жатыр. Енді мына үлкен, жаңа цехты қоссақ, көбірек шығарамыз деп жатырмыз. Қазір сұраныс коронавирусқа байланысты төмендеп кетті.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да қазір етке деген сұраныстың азайғанын айтып отыр. Өйткені етті ең көп сатып алатын тұтынушылар – мейрамханалар. Ал карантинге байланысты әзірге ешбір мейрамхана жұмыс істеймейді. «Осындай кәсіпкерлік нысандар ашылса, мәселе өздігінен шешілер еді», – дейді мамандар.
Рысбек Қыдырәлі, мейрамхана иесі:
- Бізде той күнде болатын. Әсіресе күз кезінде жиын-терімнен кейін міндетті түрде сұраныс артатын. Күніне 300 кг ет алмыз. Оны 30-ға көбейткенде 9-10 тонна ет алатынбыз.
Бір ғана Түркістан қаласының өзінде 50-ге жуық тойхана барын ескерсек, тек солардың өзі айына 500 тонна ет сатып алып отырған. Сондықтан қазір ішкі нарықта ет өнімін өткізу өзекті мәселеге айналып отыр.
Ербұлан Жәнібеков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Пандемияға байланысты етке де сұраныс төмендеді. Оның үстіне экспортты да жапты. Екі жақтан да шаруаларға ауыр тиюде. Сол үшін біз ет экспортын ашуды сұрап, ұсыныс білдірдік. Қазір мемлекет Қытайға шығаруды қарастырып жатыр.
Бүгінге дейін Түркістан облысында 121 мың тонна ет өндірілген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен шамалас. Өзбекстанға 4,5 мың тонна сиыр, 244 тонна қой еті экспортталған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш