Кибербуллингтің құрбанына жасөспірімдер жиі ұшырайды
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды. Сондай-ақ қазір кибер-қылмыстардың да саны біршама артыпты. Соңғы сегіз жылда ел азаматтары интернеттегі заңсыз контенттерге 20 мыңға жуық шағым түсірген. Келеңсіздіктердің алдын алу үшін safekaznet.kz атты жедел желі іске қосылды.
Алайда сарапшылар бұл платформаның жұмысын жандандыру үшін мемлекеттік қолдау қажет дейді. Себебі пандемияға байланысты халықтың басым бөлігі, әсіресе, жас балалар уақыттарын интернетте өткізетін болған. Олар бүркеншік атпен әлеуметтік желіге тіркелген әккі алаяқтардың арбауына тез түседі екен. Статистикаға сенсек, кибер-буллингтің құрбаны болған жасөспірімдердің 70% – қыз балалар. Сондықтан сарапшылар ата-ана бақылауын күшейту үшін алдымен оларды цифрлық сауаттылыққа бейімдеу керек деп есептейді. Қырсыққанда бұл сала бойынша ақпарат беретін қазақ тілді маман тапшы болып шықты.
Ләззәт Асқарова «Ехро & Women» халықаралық ұйымының басқарма төрағасы:
- Буллинг қазақы ортада да бар. Мысалы, кішкентай ғана Арыс қаласында Telegram арқылы балаларды суицидке итермелеумен айналысқан адам ұсталды. Тіпті қазақ тілінде «Жұмаққа жетуге елу қадам» деп аталатын ойын пайда болды. Біз мұндай жағдайға дайын болмағанымыз анық. Семинарлар барысында ата-ана, мұғалімдердің цифрлық технология тұрғысынан қарағанда сауатсыз екені анықталды. Балаларымыз бұл жағынан әлдеқайда озып кеткен. Онлайн семинарларға 200-ге жуық адам қатысты. Әрбір бесінші жасөспірім әр ай сайын буллингтің құрбаны не қатысушысы болады екен. Бұл – өте қорқынышты көрсеткіш.