«Хабар» арнасында «Бүгін» ток-шоуы көрерменге жол тартады
Тележоба «Бүгін» деп аталады. Әр күннің басты тақырыбы талқыға түсіп, сол оқиғаны бастан өткерген кейіпкерлер қонақ ретінде шақырылады. Ал сала мамандары мәселенің шешімін табуға тырысады. Бағдарлама бастан-аяқ тікелей эфирде көрсетіледі.
Кез келген телеарна өнімі оның ішінде тікелей эфир арқылы өтетін бағдарлама шығармашылық ұжым үшін үлкен жауапкершілік. Бұл – «Бүгін» бағдарламасын бастау алдындағы соңғы дайындық. Техника орнатылып, жарық және дыбыс жазу құралдарының ақаусыз екені тексерілді. Алдағы дүйсенбі алғашқы эфир. Жаңа жобада екі жүргізуші мен төрт қонақ болады.
Саят Жөкен, жүргізуші:
- Менің мұндағы басты мақсатым – келген адамдардың өмірін, тәжірибесін жан-жақты ашып, халыққа беру. Бағдарламаның басты міндеті де атауы айтып тұрғандай, кез келген нәрсенің шешімі бүгін болуы керек. Ол бүгін талқылануы керек, адам өміріндегі жақсы өзгерістер бүгін болуы керек.
Ток-шоуда талқыланатын тақырып аясында шектеу жоқ. Бағдарлама аясында студиядағы қонақтардан бөлек, сарапшылармен тікелей байланыс орнатылып, әлеуметтік желінің де мүмкіндігі кеңінен пайдаланылады.
Мәдина Бүркітбаева, бағдарлама бөлімінің жеткешісі:
- Көрермен сауалдарының бәрін ток-шоуға араластырамыз. Екі жүргізушіміз көріп тұрады. Ең қызықтыларын кейіпкерлерге, эксперттерге қоятын болады.
Осының бәрін 14 қыркүйектен бастап дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 15:00-де «Хабар» арнасының тікелей эфирінен көре аласыз. «Бүгін» бағдарламасының айтары көп.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы