Қазақстандықтар салық жүйесіндегі олқылықтарға шағымданып жатыр
Қазақстандықтар салық жүйесіндегі олқылықтарға шағымданып жатыр. Десе де ақпарат ескі, база жаңартылмайды десе, мемлекеттік органдар қазақстандықтардың өздерін салыққа салғырт қарайды деп кінәлап отыр.
Зарина Ахметжанова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Осы жылдың басында аяқ астынан менің әкемнің банк шоттары, карталары бәрі бұғатталды. Оның себебін біз сот орындаушысынан білдік. 2007 жылы сатылған көлік салықтары төленбеген деп, бізге 2020 жылы 13 жылдан кейін осындай хабар келді.
Ахметжановтар отбасы осылайша ескі сауданы еске түсірді. Осы жылдар ішінде көліктің бірнеше қожайыны ауысқанына қарамастан, салықтың салмағы Заринаның әкесіне түсіп тұр. Себебі базада көлік иесі туралы ақпарат өзгертілмеген.
Зарина Ахметжанова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Ең өкініштісі бұл біздің қателігіміз емес. Бірақ осы проблеманы шешу үшін өз уақытымызды, өз ақшамызды жұмсап отырмыз. Оны жаппасақ, әкеміздің банктегі шоттары бұғатталып тұрады.
Бұл – жалғыз жағдай емес. Әсіресе соңғы уақытта салық жүйесіне қазақстандықтардың шағымы көп. Дегенмен ҚР Қаржы министрлігінің өкілі салыққа қазақстандықтардың өзі салғырт қарайды деп отыр.
Олжас Отар, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының міндетін атқарушы:
- Бір кісі сегіз көлік сатқан. Бірақ әлі күнге дейін көліктер сол кісінің атында тұр. Бұл кісі келісімшартпен немесе сенім хатпен сатпау керек еді. Ал сатса, қадағалау керек еді.
2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 1,4 млн қазақстандықтың 20 млрд теңгеге салықтық қарызы болған. Соның 10 млрд-ы немесе 70% көлік салығы. Кім, қанша қарыз? Жүйені цифрландыруды көптен уәде етіп келген ҚР Қаржы министрлігі бір апта бұрын мобильдік қосымшаны іске қосты.
Бір аптаның ішінде аталған қосымшаны 800-ден астам қазақстандық пайдаланып, салықтық ақпаратын түзеп алған. Ал Ахметжановтар отбасындағы салық оқиғасы немен аяқталары белгісіз. Олар біреудің қарызын төлеуге бас тартып, дұрыстығын дәлелдеу үшін адвокат жалдаған. Ал Қаржы министрлігінің өкілі негізгі қарыз сомасынан құтылуға кеңес береді. Сонда өсімпұл кешіріледі.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Саметов