Хабар телеарнасы

Елордалықтар Кіші Талдыкөлді құрғату жұмыстарына қарсы болып отыр

Тұрғындардың айтуынша жергілікті әкімдік бұл жерде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін су айдынын толығымен құрғатпақ екен. Экологтар мен белсенділер топтасқан көлдерді құрғатудың салдары өте ауыр болады дейді. Өйткені мұнда қызыл кітапқа енген жүзге жуық құс мекен етеді. Наразы тұрғындар мемлекет басшысының атына петиция да беріпті.

Тұрғындардың айтуынша жылдағы құрылыс Кіші Талдыкөлді бірнеше көлшікке бөлді. Араларына жол салынып, суда мекен ететін құстардың жүріп-тұруына қиыншылық тудырған.

Елордалықтар түсірген видеодағы ауыр техникалар жерасты суларын сорып алып, көлді толығымен кептіру үшін құм әкеліп төгуде. Бірақ әкімдіктің мәлімдеуінше бөлек-бөлек жатқан су айдындарының бір-бірімен еш байланысы жоқ. 2013 жылы жүргізілген мемлекеттік сараптаманың қорытындысында көлде зиянды қалдықтардың шамадан тыс екені көрсетілген. Сол себепті жергілікті билік мұнда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрғызуды жөн санаған.

Алмас Жаңбыршы, Нұр-Сұлтан қаласы СҚҚЖҚ басқармасы басшысының орынбасары:

- Батпақты жердің Үлкен Талдыкөлмен ешбір қатынасы жоқ. Жерасты сулары арқылы да бір-бірімен байланыспайды. Енді жоспар бойынша бұл маңдағы тұрғын үйлерге арнап, жасанды су айдыны салынады. Аумақ толығымен абаттандырылады.

«Көл бола тұрғанның өзінде жасанды су айдынын құру ақылға қонымсыз», – дейді жергілікті тұрғындар.

Светлана Полковникова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Үлкен Талдыкөлде Дсинейленд секілді әдемі экопарк болады деп ойлағандарға айтарым, олар қателеседі. Мына жерде экопарк болу керек. Өйткені бұл – шынайы, табиғи жер. Құстардың түр-түрі бар. Бүкіл әлем қала ішіндегі мұндай көлдерін сақтап қалғысы келеді. Тек біз ғана быт-шытын шығарамыз.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Кіші Талдыкөл – жауын-шашын мен көктемгі тасқындардан кейін пайда болған су айдыны. Бұл үрдіс өткен ғасырдың 70-жылдарында басталған. Бірақ тұрғындар жергілікті билік өздеріне өздері қарсы келіп отыр дейді. Өйткені әкімдік негізге алған мемлекеттік сараптама қорытындысында Кіші Талдыкөл басқаша көрсетілген екен.

Теміртас Ысқақов, сәулетші:

- Міне, мұнда Кіші Талдыкөл, Тассуат, Талдыкөл, Өлмес деп аталатын көлдердің тобына 13 жыл екені жазылған. Олардың пайда болу себебі – климат ылғалдығының артуы. Бұл сараптама осы көлдердің бір жүйе екенін көрсеткен. Бұл – табиғи су айдындары.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанындағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Болат Қасымовтың айтуынша, бұл көл жасанды болғанның өзінде, әкімдік қандай сарапшы топпен ақылдасып, шешім шығарғандығы белгісіз. Және де ертең көлді кептіру қандай да бір апатқа алып келуі мүмкін деген пікірде.

Болат Қасымов, ҚР ИИДМ жанындағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Егер қазір бұл көлді құрғатса, ол ертең қаладағы және сол жерде бой көтеретін баспаналардың жауын сулары ағатын жүйеге қалай әсер ететіндігін бағалау керек. Оның үстіне пәтер құны қанша болмақ? Қазір бұл жерде үлкен бизнес пен экологдардың мүддесі қарама-қайшы болып тұр. Осы жерде әкімдік бұл шешімді сарапшы топпен қалай ақылдасқандығы қызықтырады. Өйткені шындығын айту керек, көптеген мәселе жабық кабинеттерде шешіледі.

Мәселеге қатысты Экология министрлігі де өз пікірін білдірген еді. Ведомство өкілдерінің айтуынша Кіші Талдыкөлді құрғату орынсыз шешім. Енді эко-белсенділер дау тудырған аумақта құрылыс жасауға уақытша мораторий енгізуді сұрап отыр. Қазір олар онлайн платформада Мемлекет басшысының атына петиция беріп отыр. Қол қойғандардың саны екі мыңнан асты.

Авторлары: Риат Шони, Есбол Жәмшитов, Қанат Әбілдин