8 мың тұрғыны бар қалаға екі спорт кешені көптік етпей ме?
Небәрі 8 мың ғана халық тұратын шағын шаһарға бұл артық. «Қазына қаржысын нағыз қажетті әлеуметтік нысанның құрылысына жұмсаса болар еді», – дейді жергілікті жұрт. Бір қызығы бұл жобаны облыстық спорт басқармасы мақұлдамаған.
Қаражал қаласындағы мына спорт кешенінің аумағы 5 мың шаршы метр. Соңғы 25 жыл ішінде қара шаңырақтан талай чемпиондар қанаттанып шығыпты. Қазір де мұнда 250 бала жаттығады. Ал қалған уақытта алып нысан бос тұр. Себебі жергілікті тұрғындардың келуі сиреген.
Артем Ким, спорт мектебінің директоры:
- Негізі біздің спорт кешеніне халық аз келеді. Бізде екі зал бар. Ал кешке қарай бос тұрады.
Соған қарамастан қазір қалада екінші спорт кешенінің құрылысы басталды. Жоба құны 470 млн теңге. Әу баста қала билігі ол ақшаны облыс бюджетінен сұраған. Бірақ спорт басқармасы жанындағы арнайы комиссия зерттеу жүргізіп, 8 мың ғана тұрғыны бар қалаға екінші спорт нысаны қажет емес деген шешімге келген. Сөйтіп жоба қолдау таппайды. Бірақ қала билігі биыл жергілікті қазынадан 40 млн теңге қаржы бөліп, тәуекелмен құрылысты бастап кетті. Енді жобаны аяқтау үшін облыс бюджетінен тағы ақша сұрамақшы. Ал халықтың қалауы басқа. Мәселен, қазір қалада жалғыз ғана балабақша жұмыс істейді екен.
Тұрғындардың айтуынша ескі нысанда бір кездері спорттың тоғыз түрінен секция болыпты. Қазір шағын футбол мен дзюдо ғана қалған. Себебі жаттықтыратын кәсіби мамандар жетіспейді. Қала әкімдігінің өкілдері жаңа кешенді салудағы мақсатымыз да сол, спорттың басқа түрлерін дамыту екенін айтады. «Бірақ спорт секцияларын дайын ғимараттың ішінде неге ашпасқа?» деген сұрағымызға мынадай уәж айтты.
Дәурен Жақыпов, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары:
- Бес жылға келісімшартқа отырып, спорт түрлерін дамытуға, қаржыландыруға болатын еді. Ол заңмен көзделген. Біз ұсынғанбыз, бірақ осы күнге дейін ешқандай шешім қабылдаған жоқ.
Әкімдік мамандары осылай дегенмен спорт кешенінің өкілдері ешқандай ұсыныс болмағанын айтып отыр.
Дүйсенбай Тәжкеев, спорт кешенінің директоры:
- Спорттың басқа түрлерін дамыту үшін Қаражалдың өзінің спорт мектебі ашылып, мамандар шақырылуы керек. Содан кейін келіп, ұсыныс жасайды. Сол кезде барлық жағдайды жасап береміз. Бірақ ондай ұсыныс болған жоқ.
Ең сорақысы, жаңа нысан ескі спорт кешенінің тура іргесінде салынып жатыр. Қазір құрылыс алаңы қоршауға алынып, кешенге кіретін жолды түгел жауып тастаған.
Жарқын Сыздықов, спорт кешені директорының орынбасары:
- Жолымызды жауып тастады. Алып келіп, шығаратын да көмір, материалымыз бар. Басқа жол жоқ. Әр жақта ашылған жолды бізге жақсылап жасап берсе екен дейміз.
Әзірге жаңа нысанның құрылысы қай кезде аяқталатыны белгісіз. «Анығы оған кәсіби мамандарды тарту оңайға соқпайды», – дейді спорт жанашырлары. Демек, келешекте жаңа ғимараттың да қаңырап бос тұру қаупі бар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев