Өскемендегі балабақшада тұзды бөлме ашылды
Әсіресе мектепке дейінгі мекемелер бұл тұрғыда көпке үлгі болуда. Мәселен, қаладағы ірі балабақшалардың бірінде тұзды бөлме ашылды. Педиатр мамандар «бұл – бала денсаулығын дәрі-дәрмексіз нығайу үшін жақсы әдіс» деп санайды.
5 жастағы Зере – тұзды бөлмеге келуді асыға күтетіндердің бірі. Өйткені ертегі әлеміне тап болғандай күй кешеді. Дегенмен ол кішкене болса да, тұздың денсаулық үшін пайдасы жайлы біршама хабардар болып қалыпты.
Зере Ерболқызы, тәрбиеленуші:
- Тұз пайдалы, апайымыз: «Күнде тұзға келіп отырсақ, ауырмаймыз» деп айтты. Мұнда достармен, ойыншықтармен ойнаймыз.
Тұзды үңгірдің баламасы саналатын осы бөлмені жарақтау үшін 2,5 млн теңге жаратылыпты. Балалар оған 4-5-тен топтанып кіріп, 20 минуттай отырады. Осылайша әр бала он сеанс қабылдайды. Күз басталса болды, кішкентайлары жиі сырқаттанатын ата-аналар үшін бұл үлкен қолдау болды.
Данара Хамитова, ата-ана:
- Менің балам жиі ауырады, сондықтан осындай бөлме ашылғанына қуаныштымын. Ақылы түрде болса, бұл қымба болар еді, ал біздің балабақшада тегін ашылғанына ризаммыз.
Дәрігерлер тек суық тиіп, салқындаған кезде ғана емес, экзема, дерматит сияқты тері ауруларына да емдеуде бұл таптырмаймын әдіс екенін айтады.
Мөлдір Мүтәліпова, дәрігер педиатр:
- Тұздың микробөлшектері қанға кіріп, дистолиннің деңгейін қалыпқа келтіреді, сол арқылы организмге бронхоиммунды, иммунитетті көтеру мақсатында және қабынуға қарсы әрекет етсе, балалардың жағдайы дәрі-дәрмексіз-ақ жақсарғаны бірде байқалады.
«COVID-19 өршіп тұрған сәтте мұндай шараларды күшейтудің еш артығы жоқ», – дейді тәрбиешілер. Сондықтан тіпті мекеме ішін хлор таблеткаларының буымен залаласыздандыратын құрал да сатып алыпты. Айтуларынша ол қауіпсіз әрі өте қолайлы аппарат екен. Балабақша ұжымы осындай кешенді дайындық арқасында жұқпалы кеселдің жаппай белең алуына қарсы тұрамыз деген сенімде.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов