СҚО-ның тағы бір құс фабрикасында қанаттылар қырылып қалды
Әзірге аталған факті бойынша ресми түрде ақпарат жарияланған жоқ. Дегенмен құс фабрикасының директоры мұны растады. Жалпы өңірдегі жағдай күннен-күнге ушығып барады. Аймаққа республикалық індетке қарсы арнайы жасақ өкілдері жетті. Қазір шұғыл штаб жұмыс істеп тұр. Қырылып қалған құстардың иелеріне өтемақы төленеді. Ол үшін комиссия да құрылды. Ал мамандар болса, үй құсын қамауда ұстап, сыртқа шығармау керектігін ескертуде.
Александр Прядко, құс фабрикасының директоры:
- Бізді бұл індет айналып өтеді ме деп ойлап едік. Өкінішке қарай олай болмады. Сондықтан 180 мың бас құсты ұйықтату туралы шешімге келдік. Яғни кешендегі желдеткішті сөндіріп тастадық. Енді сәтін салса, тек екпе жасалған құстарды ғана әкелмек ойымыз бар. Кейін оларды қайтадан екі мәрте вакцинациялаймыз. Осылайша қанаттылардың иммунитетін жақсартатын боламыз.