Қазақстанның бес облысында құс тұмауы тіркелді
Олар – Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстары.
Қостанай облысында құс тұмауы Меңдіқара, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарындағы үш ауылда тіркеліп отыр. Кенеттен келген кеселден 200-ден астам құс қырылды. Қазір ол елді мекендерде карантин жарияланып, жаппай залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, үй құстарын вакцинациялауда. Бұл мақсатқа облысқа 21 мың дана вакцина бөлінген. Ветеринарлар егу жұмыстарын бір-екі күнде аяқтаймыз деп отыр. Ал өңірдегі бес құс фабикасында жағдай қалыпты. Тек Арқалық құс фабрикасында бірен-саран тауық өлексесі бар. Оған не себеп болғандығы әзірге беймәлім.
Ал Қарағанды облысының Нұра ауданында белгісіз індеттен үй құстары қырылып жатыр. Изенді мен Тассуат ауылында 86 тауық пен қаз өлген. Ветеринар мамандар өлекселерден және тірі құстардан сынама алып, елордадағы зертханаға жіберді. Қорытындысы апта соңында белгілі болады. Себебі де сол кезде анықталады. Айта кету керек, жылдағы жоспарға сәйкес биыл өңірдегі құс фермалары мен жақын маңдағы ауылдарда 500 мыңға жуық құсқа екпе салынған.
Марат Мұхтаров, облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының жетекшісі:
- Қырылған құстардан патологиялық материалдар алынып, қан сынамалары Нұр-Сұлтандағы референдтік орталыққа жіберілді. Бүгінде зерттелу үстінде. Бүгінгі күні құс фабрикаларынан ешқандай өлім-жітім хабары келіп түскен жоқ.
Ақмола облысында да тағы үш ауданда құс қырылды. Бұл жолы жұқпалы ауру белгілері Зеренді, Бұланды және Целиноград аудандарында анықталды. Қазір өлген құстардан қан алынып, зертханаға жіберілді. Әзірге тек Жарқайың ауданындағы Шойындыкөл ауылында карантин жарияланып, шектеу шаралары енгізілді. Елді мекенде елордадан келген арнайы топ мамандары залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Құс фабрикаларындағы жағдай қалыпты», – дейді мал дәрігерлері.