Құс тұмауы шыққан ауылдар карантинге жабылады
Ал бұл жолғы тұмаудың ерекшелігі қандай екен? Зертханалық жұмыстарға сәйкес бұл типтегі құс тұмауы адам үшін қауіпті емес деп жатыр. Демек, құс өнімдерін пайдалануға болады, тек жабайы құстарды аулауға тыйым салынып отыр. Осы құс тұмауы тараған Ертіс өңіріндегі елді мекендерде шектеу шаралары қолға алынды. Кейін карантин жарияланады. Қазіргі уақытта екі ауданның ауылдарында құс өлекселері жаппай өртеліп жатыр. Сақтық шаралары қолға алынған ауылдардың қатарында Железин ауданының Ақтау ауылы бар.
Ақтау ауылы облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Қазір елді мекенге кіруге рұқсат жоқ. Ішкі істер органдары кезекшілікте тұр
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Железин ауданына қарасты Ақтау ауылына инсинератор, басқаша айтқанда құс өлекселерін жағатын пеш әкелінді. Қазіргі уақытта ветеринарлық қызмет мамандары тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Індет тараған аумақта бүгінгі күнге дейін 60-қа жуық құс жағылды. Елді мекен аумағында барлық сақтау шарасы қолға алынды.
Ақтау ауылында 103 аула бар, 500-дей адам тұрады. Басым бөлігі тауық-қаз өсіреді. Құс тұмауының алғашқы деректері бірнеше күн бұрын тіркеле бастапты. Сол сәтте қоралардың бірінен өлген 17 қаз табылды.
Жанар Орынтаева, Ақтау ауылдық округінің әкімі:
- Сараптама нәтижесі шыққан соң карантиндік шаралар туралы шешім қабылдадық. Құжат Әділет басқармасына жолданды. Қаулыға сәйкес ауылдан шығатын көліктердің барлығы дезинфекциялық бекеттерден өтеді. Сонымен қатар ауылдың аумағындағы жерді жыртамыз, дезинфекциялық кедергілер қойылады.
Қазір ауру ошақтары бар Железин және Тереңкөл аудандарына 20 мың доза екпе бөлінді. Шектеу шеңберінде құс санағы жүргізіле бастады.
Баулыбай Аужанов, Железин ауданы әкімінің орынбасары:
- Ветеринарлық заңнамаға сәйкес қауіпті ауруды таратпау үшін ошақтарға құс өнімдерін шығаруға және кіргізуге тыйым салынды. Жұмыртқа және тірі құс әкелуге де рұқсат жоқ. Мал дәрігерлері ветеринарлық құжаттарды беруді уақытша тоқтатты.
Ақтау ауылына кіріп-шығатын көліктердің барлығы тексеріліп тұрады. Елді мекенге тек азық-түлік тасымалдаушылар мен шаруа қожалықтарының иелері ғана кіре алады.
Бауыржан Қаңтарбаев, Железин аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Ошақтың айналасындағы сегіз шақырым жердегі құстардың барлығы жойылады. Шараларды эпизоотикаға қарсы жасақ мамандары жүргізеді. 25 шақырымдық жер «буферлі зона» деп аталады. Ал 50 шақырымдық аумақ бақылау зонасы болады. Осы екі аумақта екпе салу жүргізілуде. Қазір 90 мың доза екпе бар.
Железин ауданында 90 мыңнан астам үй құсы бар. Олардың барлығы жойылуға жатады. Мамандардың айтуынша, сақтық шаралары шеңберінде жабайы құстарды аулауға уақытша тыйым салынады.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков