Хабар телеарнасы

Өскемендіктер заңсыз құрылысқа наразылық білдірді

Қаладағы ең биік көпқабатты үйлер орналасқан шағын аудандағы балалар ойнайтын алаңқайды бір кәсіпкер сатып алып, құрылыс бастаған. Қалталы азамат бастапқыда сол маңдағы тұрғындарға балабақша салынатынын айтқан. Бірақ кәсіпкерге күманданған халық құжатын талап еткенде ол жерде көпқабатты басқа нысан бой көтеретініне көз жеткізген. Тұрғындар енді үйлеріне жапсарлас орналасқан құрылысқа қарсы шығып, атқарушы биліктен заңсыздықты дереу тоқтатуды талап етіп отыр.

Қазір бұл аумақтың шаңы шығып жатыр. Бұрын спорттық алаңқай болғанынан тек көшеге орнатылаған электр бағаналары мен шамдардан ғана білуге болады.

Николай Осипцев, қала тұрғыны:

- Ойын алаңын алты-ақ секундта тас-талқанын шығарды. Енді көпқабаты үй саламыз дейді. Бұл жердегі үйлер бір-біріне онсыз да өте жақын салынған. Бұл – бір. Екіншіден – судың жағасы. Қорғалатын аймақ. Ал ереже бойынша ондай жерге ешқандай нысан салуға болмайды.

Құрылыстың заңды салынып жатқанына тұрғындар күмәнмен қарайды. Өйткені кәсіпкер жер учаскесін алғанда қала әкімдігіне балабақша салатынын және мақсатты пайдаланатынын айтқан. Бірақ нақты іс жүзінде көпқабаты үйдің құрылысын бастаған. Құжатында да үй екені жазылған. Бірақ кәсіпкер балабақша да саламын деп отыр.

Геннадий Лебедев, кәсіпкер:

- Балабақша салынатынын тағы да айтамын. Бірақ қазір емес, алдағы бірнеше жылда салуды ойлап отырмыз.

Балбақша салуды кәсіпкер ойланып жүргенде аймақтық адвокаттар алқасындағы заңгерлер мемлекеттің меншігіндегі жердің қалай жекешеленіп кеткеніне көз жеткізбек.

Қанат Кемпірбаев, заңгер:

- 2019 жылғы желтоқсан айында сол кездегі қала әкімінің міндетін атқарушы хоккей қорабының жер телімін сатып алу-сату шарты негізінде жекеге берген. Міне осы құжатта барлық жауап тұр. Яғни бұл аумақ жекеге өтіп кеткен.

Жекеге өтіп кеткенін қаланың бас сәулетшісі де растап отыр. Бірақ құжаттарды рәсімдеу кезінде қателік кетуі де мүмкін екенін айтады. Тұрғындар мен қоғам белсенділерінің наразылығынан соң қала әкімдігі, балалар алаңқайын кәсіпкер есебінен салғызуға келісім келгенін жеткізді.

Эльдар Төлеубеков, қала әкімінің орынбасары:

- 19 қаланың бас сәулетшісі келіп, осы жерді қала тұрғындарына, бала-шағаларына демалатын жер қыламыз. Қалалық әкімшіліктің алдына қойып отырған мақсатына бірге жетеміз, халықтың мұқтаждығын орындап береміз деген шешімге келдік.

Шешімге келгенмен, дәл осы аумақ кәсіпкердің меншігіне заңсыз берілгенін қалалық прокуратура анықтады. Енді екі жақты келісімді заңсыз деп тану үшін сотқа ұсыным жолдады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин