Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылады
Бұған қатысты жеті бастама қабылданып отыр. Оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың негізінде омбудсмен институты мен бірыңғай ақпараттық жүйе құру сияқты өзгешеліктер бар. Бұған қоса ведомствоаралық кеңес құрылмақ. Яғни тұтынушылардың арыз-шағымдары енді үкіметтік деңгейде қаралатын болады.
Қостанай қаласының тұрғыны дүкеннен сатып алған өнімінен жарқанат тауып алып, аң-таң болған. Дүкенге апарғанымен ешкім кешірім сұрап, ақшаны қайтармапты. Мұндай даулы мәселелер әр аймақта жиі болып жатады. Мәселен, Талдықорғанда бір бойжеткен тапсырыс берген лағманынан тарақан тауып алыпты.
Егер сіз жәндікті алған тағамыңызға ақша төлеп қойғаннан кейін байқасаңыз, онда бірден мейрамхананың әкімгеріне хабарлау керек. «Тұтынушылардың құқығын қорғау» Заңының 15-бабына сай, тұтынушы тағамды ауыстыруға немесе ақшасын қайтарып алуды талап ете алады. Сонымен қатар тұтынушы жәндіктің фотосуретін жасап, оны аудандық немесе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жолдай алады. Кейін олар тиісті тексеріс жұмыстарын жасап, айыппұл салулары мүмкін.
Осындай келеңсіз жағдайларда қолды босқа сермеп, кете беру дұрыс емес. Мұндай мәселелер үкіметтік деңгейде қаралатын болады. Ол туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты. Енді елде тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылады.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Оның отырыстарында мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелері талқыланып, кемшіліктер анықталып, тиісті шешімдер қабылданады. Осы Кеңестің құрамы мен ережесі Үкіметтің қарауында. Сондай-ақ министрлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы атқарылған жұмыстар туралы аналитикалық баяндаманы Үкіметке жыл сайын ұсынатын болады.
Бұл кеңестің құрылуы тұтынушылардың құқығын қорғауды жаңа деңгейге шығарады. «Оның үстіне көрсетілетін қызметтер мен сатылатын тауарлардың сапасы жоғарылайды», – дейді тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова. Өйткені мәселелер үкіметтік деңгейде қаралады.
Тұрсын Жағыпарова, Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары:
- Бүгінгі таңда 16-17 министрлік бар. Әрбірі өзінің мақсаты бойынша тұтынушыны қорғауға тырысады. Бірақ заңдардың кейбірі бір-біріне сәйкес келмейді. Сондықтан осы кеңесте бүкіл министрлік біріктіріліп, барлығы бір мәселені шешеді.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин 1 қарашаға дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесін құру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырып, бірқатар міндет жүктеді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Тұтынушылардың құқығын қорғау – біздің жұмысымыздың маңызды бағыты. Ол барлық қазақстандықтың мүддесін қорғайды. Азаматтардың мүддесін қорғау үшін азық-түлік, медициналық қызметтер, тұрғын үй коммуналдық қызметтер, фармацевтикалық тауарлар, туризм сияқты маңызды салаларға ерекше мән беру қажет. Сапасына кепілдік беруге болатын өнімдер өндіруге бақылау мақсатындағы сатып алу механизмін пайдалануға, адал жарнама мен маркетингке бағытталған саясат жүргізу қажет.
Жалпы биыл сегіз айдың ішінде жауапты органдарға тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасына қатысты 8 мың арыз келіп түскен. Осы күнге дейін тұтынушылардың 80% құқығы қорғалыпты.
Авторлары: Риат Шони, Қанат Әбілдин